Қоршаған ортаның тазалығы – қоғам мәдениетінің, адам санасының көрсеткіші. Табиғатты аялау, өзен мен орманды, көшелер мен аула маңын таза ұстау – тек экологиялық емес, азаматтық парыз. Осы бағытта «Amanat» партиясы бастамашы болып отырған «Таза бейсенбі» республикалық экологиялық акциясы еліміздің түкпір-түкпірінде жалғасуда.
Бүгін бұл игі іс Тұран ауданындағы Бадам өзенінің жағалауында ұйымдастырылды. Акцияға 300-ге жуық адам қатысып, өзен бойының екі шаршы шақырым аумағын күл-қоқыстан тазартты. Нәтижесінде 1 тоннаға жуық тұрмыстық қалдық жиналып, арнайы полигонға шығарылды.
Тазалық шарасына «Amanat» партиясының мүшелерімен қатар, Жастар Рухы жастар қанатының белсенділері, «Jasyl el» еңбек жасағының өкілдері, бастауыш партия ұйымдарының мүшелері және ардагерлер қатысты.
Тұран ауданы әкімдігі мен партияның бірлескен жұмысы тұрғындарды табиғатты аялауға үндейтін дәстүрлі шараға айналып келеді.
Тұран ауданы Қоғамдық орта сапасын дамыту бөлімінің басшысы Дәурен Балғанов акцияның маңыздылығын атап өтті:
– Бұл акция ресми немесе бір реттік іс-шара емес. Ол тұрақты түрде, жалпыұлттық деңгейде әр аптаның бейсенбісінде өткізіледі. Мақсат – жаңа экологиялық ойлауды қалыптастыру, халықтың экологиялық мәдениеті мен санасын арттыру. Осы арқылы қоршаған ортаға саналы көзқарас пен жауапкершілік сезімін нығайтуға болады, – деді ол.
Оның айтуынша, жаздың аптап ыстығына қарамастан жастар белсенділік танытып, өзен маңын тазартуға үлкен үлес қосқан. Бұл — жас буынның табиғатқа жанашырлықпен қарай бастағанының нақты көрінісі.
Жергілікті тұрғындар мен ауыл ақсақалдары экологиялық бастаманы қуана қарсы алып отыр. Алайда кейбірі өзен жағалауларында қоқыс қалдықтарының әлі де кездесетініне алаңдаушылық білдірді.
Ауыл тұрғыны, зейнеткер Нұрғали ақсақал өз пікірін былай жеткізді:
– Осындай игі шаралардың жиі ұйымдастырылғаны жақсы. Бірақ кей азаматтардың өзен бойына демалуға келіп, артынан қалдықтарын қалдырып кететіні қынжылтады. Егер әркім өзінен кейінгі табиғатқа қамқорлық танытса, өзеніміз де, ауамыз да таза болар еді, – дейді ол.
Партия мүшелері мен әкімдік өкілдері тұрғындардың пікірін ескеріп, бұл мәселені тұрақты бақылауға алатынын айтты. Келешекте экологиялық нормаларды бұзғандарға ескерту жасап, түсіндіру жұмыстарын күшейту жоспарланып отыр.
«Amanat» партиясы қолға алған экологиялық қозғалыс еліміздің барлық өңірінде жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Әр бейсенбі сайын өткізіліп жүрген бұл шара халықтың табиғатқа деген мәдениетін арттыруға, экологиялық әдет қалыптастыруға бағытталған.
Тазалық акциялары тек сенбілік сипатында емес, ұзақмерзімді экологиялық саясаттың бір бөлігіне айналмақ. Мұндай бастамалар арқылы азаматтар өз туған өлкесінің табиғатына жанашыр көзқараспен қарап, экологиялық жауапкершілікті сезінуге үйренеді.
Бадам өзенінің жағасында өткен бүгінгі тазалық жұмыстары – табиғатқа қамқорлықтың, бірлік пен ұйымшылдықтың жарқын үлгісі.
Жастардың белсенділігі мен тұрғындардың қолдауы арқасында бұл бастама жалғасын табатыны сөзсіз.
Табиғатты аялау – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы аманат.