ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАҚЫЛАУДА

Өткен аптада Шымкент қаласы бойынша құқық қорғау органдарының өндірісінде 179 қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде небары екеуі сотқа жолданса, қалғаны бойынша тергеу жалғасуда. Тіркелген қылмыстардың басым бөлігі алаяқтық, ұрлық және жол-көлік оқиғаларына қатысты деректерден тұрады. Бұл көрсеткіш мегаполисте қоғамдық қауіпсіздік пен құқық қорғау саласында әлі де шешімін қажет ететін мәселелер көп екенін көрсетеді.

Алаяқтық деректері: интернет арқылы жасалатын қылмыстар күрт артқан

179 істің 59-ы — алаяқтық фактілері. Оның ішінде 40 іс интернет-алаяқтыққа қатысты болып отыр. Тергеу материалдарына сүйенсек, алаяқтардың қолданатын әдістері жыл өткен сайын түрленіп, күрделене түскен.

Көп таралған тәсілдер:

Онлайн тауар жарнамалары арқылы алдау — 14 дерек

Инвестицияға иландыру — 4 дерек

Банк/мемлекеттік қызметкер болып жалған қоңырау шалу — 11 дерек

Жалған несие рәсімдеу — 4 дерек

Коммуналдық қызмет өкілі ретінде алдау — 6 дерек

Құқық қорғау органдарының айтуынша, тұрғындардың онлайн қызметтерді жиі пайдалана бастауы интернет алаяқтардың белсенділігін күшейтіп отыр. Әсіресе, жалған курьерлер, маркетплейстердегі жалған жарнамалар және банктен қоңырау шалушы «қызметкерлер» арқылы алдау жағдайлары жиілеген.

Апта ішінде «М» есімді азаматқа өзін курьер ретінде таныстырған белгісіз тұлға хабарласып, СМС-хабарламадағы құпия кодты сұрап алған. Нәтижесінде жәбірленушінің 1 миллион теңгесі қолды болған. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Құқық қорғау органдары тұрғындарға:

бөтен адамдарға құпия кодтарды,

банк қосымшаларына кіру деректерін,

жеке мәліметтерді бермеуді
қатаң ескертуда.

Есірткінің заңсыз айналымы: интернет арқылы тарату – өзекті мәселе

Тіркелген істердің тағы бір бөлігі — есірткі қылмыстары (12 іс). Атап айтқанда, есірткіні интернет арқылы жарнамалау, тапсырыспен жеткізу және жасырын тарату (закладка) тәсілдері әлі де кең таралған.

Өткен аптада кезекті рейд барысында «Н» есімді азамат ұсталды. Ол өзін «есірткі тасымалдаушы» ретінде жұмысқа алғандарын, жеткізіп жүрген заттың заңсыз екенін білмегенін айтқан. Дегенмен заң алдында жауапкершілік сақталады. Полиция жастарды оңай табысқа қызықпауға, күмәнді жұмыс ұсыныстарынан сақ болуға шақырады.

Ұрлық пен өзге де қылмыстар

Қала бойынша 41 ұрлық дерегі тіркелген. Негізінен:

жеке заттарды ұрлау,

пәтер және мұнай-газ нысандары маңында жасалған ұрлықтар,

қоғамдық орындардағы қалта ұрлығы фактілері анықталған.

Құқық қорғау органдары бұл деректердің көбеюіне тұрғындардың сақтық шараларын елемеуі де себеп екенін айтады.

Жол-көлік оқиғалары: себеп – жылдамдық және ұялы телефон

Шымкентте соңғы уақытта жол-көлік оқиғалары жиілеп отыр. Тек өткен аптада 10 жол апаты тіркелген. Оның ішінде:

4 — көлік соқтығысуы,

2 — жаяу жүргіншілердің жолдан рұқсатсыз өтуі,

қалғандары — скутер, мопед және самокат жүргізушілерінің қателігі.

Полиция өкілдерінің айтуынша, ЖКО-лардың негізгі себептері:

жылдамдықты арттыру,

жүргізушілердің ұялы телефонға назар аударуы,

жаяу жүргіншілердің ережені бұзуы,

кәмелетке толмағандардың рұқсатсыз көлік құралдарын басқаруы.

Қалада түнгі уақытта самокат пен скутер жүргізушілеріне қойылатын талапты күшейту мәселесі де қарастырылып жатыр.

Өткен аптадағы деректер Шымкент қаласында қылмыстың түрлі түріне қатысты мәселелер әлі де өзекті екенін көрсетеді. Алаяқтықтың жаңа түрлері, жол-көлік оқиғалары мен есірткі қылмыстары құқық қорғау органдарының назарында.

Полиция тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға, интернетте жеке деректерді қорғауға, жолда және қоғамдық орындарда жауапкершілік танытуға шақырады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *