ШЫМКЕНТТІКТЕР ҚАЛАНЫ ДАМЫТУҒА QR-КОД АРҚЫЛЫ ҰСЫНЫС БІЛДІРЕ АЛАДЫ

Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте қала әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек қаладағы жаңа жобаны таныстырды. Жоба – тұрғындардың пікірін тікелей ескеруге бағытталған «Шымкентті дамытуға халықтың үлесі» деп аталады.

Бұл бастаманы қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қолға алып, әрбір қала тұрғынына Шымкенттің дамуына қатысты өз ойы мен ұсынысын оңай әрі жылдам жеткізуге мүмкіндік беруді көздеген. Бұған дейін қала әкімінің тұрғындармен кездесулері мен шаһарды аралау кезінде көптеген ұсыныстар айтылып келген болса, енді барлық пікірлер арнайы жүйе арқылы қабылданатын болады.

Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдегендей, алдағы уақытта қоғамдық орындар мен қалалық автобустарда QR-кодтар орнатылып, сол арқылы қала тұрғындары өз ұсыныстарын жолдай алады. Бұл жүйе қарапайым әрі ыңғайлы болып, әрбір азаматқа қаланың дамуына өз үлесін қосуға нақты мүмкіндік береді.

– «Бұл бастама әрбір тұрғынға Шымкенттің дамуына өз үлесін қосып, оң өзгерістердің бір бөлігі болуға мүмкіндік береді. Түскен ұсыныстардың барлығы мұқият сараланып, ең өзекті әрі пайдалы бастамалар нақты жүзеге асырылатын болады», – деді әкімнің орынбасары.

Жоба әкімдік пен халық арасындағы ашық диалогты нығайтуға бағытталған. Ол қоғамдық қатысу мәдениетін қалыптастыруға, қаладағы шешімдер қабылдау процесіне тұрғындарды тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл қадам ортақ күш біріктіре отырып, қаланы көркейту мен инфрақұрылымды дамытуға халықтың нақты үлес қосуына жағдай жасайды.

Қала әкімдігі бұл бастаманы алдағы уақытта тұрақты түрде жүргізіп, тұрғындардан түскен барлық ұсыныстарды жүйелі түрде талдап, ең тиімді идеяларды нақты жобаларға айналдыруды жоспарлап отыр. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, жобаның басты мәні – әрбір азаматтың дауысы естіледі, әрбір ұсыныс бағаланады және қала өміріне нақты әсер етеді.

«Шымкентті дамытуға халықтың үлесі» жобасы тұрғындардың белсенділігін арттырумен қатар, қаланың дамуы мен көркейуіне қатысуға ынталандыратын инновациялық құралға айналды. Бұл бастама қала тұрғындарына өз ойларын ашық білдіруге, жаңашыл идеяларын жүзеге асыруға, сондай-ақ Шымкенттің жасыл, көрікті және заманауи қалаға айналуына үлес қосуға мүмкіндік береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *