Шымкент қаласының №1 қалалық клиникалық ауруханасында 241-ші туыстық бүйрек трансплантациясы сәтті жүргізілді. Бұл жолы дәрігерлер туған ағасының бүйрегін інісіне трансплантациялады. Науқас 2024 жылдан бері созылмалы бүйрек жеткіліксіздігімен есепте болса, 2025 жылдан бастап гемодиализ аппаратына тәуелді болған. Қажетті медициналық тексерулер мен заңды рәсімдер толық орындалып, 2025 жылғы 5 қарашада ота сәтті жүзеге асырылды.
Қазіргі уақытта донор мен реципиенттің жағдайы тұрақты, емдік шаралар бекітілген хаттамаға сай жүргізілуде. Бүйрек трансплантациясы – науқастың өмір сапасын жақсартып, қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік беретін жоғары технологиялық медициналық араласу болып табылады. Бүгінге дейін Шымкент қаласында 241 бүйрек және 33 бауыр алмастыру операциясы жасалған, бұл өңірде трансплантологияның дамып, жоғары мамандандырылған медициналық көмектің жергілікті деңгейде қолжетімді екенін көрсетеді.
Ағымдағы жылдың алғашқы 10 айында қаладағы медициналық ұйымдарда 1 089 жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді. Оның ішінде, қалада 3 жүрек трансплантациясы сәтті орындалды, бұл жоғары технологиялық хирургияның қарқынды дамып келе жатқанын айқын дәлелдейді.
Онкологиялық қызмет саласында бірегей жетістік
2025 жылғы қыркүйек айында Шымкенттегі көпбейінді аурухананың онкологиялық орталығында күрделі және бұрын елде жасалмаған ота сәтті жүзеге асырылды. 37 жастағы науқасқа кеңірдек бифуркациясын резекциялау және жаңа бифуркация қалыптастыру операциясы жүргізілді. Бұл араласу торакальды онкохирургиядағы ең күрделі және жоғары деңгейлі операциялардың бірі болып табылады. Қазақстанда мұндай тәжірибе бұрын болмаған, сондықтан ол еліміздің медициналық тарихында елеулі оқиға ретінде бағаланды.
Осындай жоғары технологиялық оталарды енгізу мақсатында Шымкенттің онкохирургтары Ресей Федерациясының жетекші ғылыми және клиникалық орталықтарында, сондай-ақ Литва Денсаулық ғылымдары университетінде (LSMU, Каунас университеттік клиникасы) арнайы тағылымдамадан өтіп, 33 медицина маманы кәсіби біліктілігін арттырды. Бұл тәжірибе қаладағы онкологиялық қызметтің деңгейін жаңа белеске көтеруге мүмкіндік берді.
Шымкент қаласында жоғары технологиялық медициналық көмек саласында тіркелген бұл жетістіктер келесі бағыттарды айқын көрсетеді:
-
мамандардың кәсіби деңгейін арттыру, жаңа заманауи әдістерді енгізу;
-
күрделі хирургиялық араласулардың қалалық деңгейде қолжетімділігін қамтамасыз ету;
-
тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және ауыр созылмалы аурулардан зардап шеккен науқастарға тиімді ем көрсету;
-
медициналық туризмді дамыту және өңірлік клиникалардың ғылыми әлеуетін арттыру.
Шымкент қаласының денсаулық сақтау саласындағы жоғары технологиялық жетістіктері елдің медицина саласында қарқынды дамып келе жатқанын, мамандардың кәсіби дайындығы мен инновациялық әдістерді енгізуге дайын екенін көрсетеді. Алдағы уақытта қалада күрделі трансплантациялық және онкохирургиялық операциялардың санын көбейту, медициналық қызмет сапасын жетілдіру және заманауи жабдықтарды енгізу жоспарланған.