2025 жылы Шымкент қаласында тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Жыл бойына тұрғын үйлерге аралау жұмыстары ұйымдастырылып, жалпы 112 540 аралау арқылы 312 810 адам қамтылды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда +10,6% өсім көрсетеді. Аралау жұмыстары тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру, қауіп-қатерлерді алдын ала болдырмау және төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету дағдыларын қалыптастыру мақсатында жүргізілді.
Сонымен қатар, профилактикалық іс-шаралар бірнеше бағытта жүзеге асырылды:
-
345 жиынға 15 080 адам қатысып, өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді;
-
314 нұсқаулыққа 10 302 адам қамтылып, нақты тәуекелдерді азайту жолдары көрсетілді.
Өрт қауіпсіздігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдарында да кеңінен насихатталды. Жыл бойына 1 698 материал жарияланып, оның ішінде 375 мақала, 275 телеарна сюжеті, 1 048 әлеуметтік желі мен радио материалдары халыққа жеткізілді. Мектептерде 422 мекемеде 455 ашық сабақ өткізіліп, жалпы 10 365 оқушы профилактикалық іс-шараға тартылды.
Кәсіпкерлік секторда да алдын алу жұмыстары белсенді жүргізілді. «Атамекен» ҰКП-да кәсіпкерлермен 38 дөңгелек үстел, ал БАҚ өкілдерімен 11 брифинг ұйымдастырылды. Әр демалыс күндері аудандық және қалалық инспекторлар тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізіп, тұрғындарды қауіп-қатерлерден сақтандыру жолдарын түсіндірді.
Тұрмыстағы негізгі өрт қауіпсіздігі ережелері:
-
Электр құралдарын қараусыз қалдырмау;
-
Розеткаларды шамадан тыс жүктемеу;
-
Жарамды электр құралдарын қолдану;
-
Сіріңке мен тұтатқыштарды балалардан алыс ұстау;
-
Газ құрылғыларын бақылау;
-
Пісіріліп жатқан тамақты қараусыз қалдырмау;
-
Жанғыш заттарды от көзінен алыс ұстау;
-
Қолмен жасалған жылытқыштарды қолданбау;
-
Өрт шыққан жағдайда 101 немесе 112 нөміріне хабарласу.
Жылыту маусымына дайындық аясында «Тұрғын сектордағы өрт қауіпсіздігі айлығы» акциясы өткізілді. Акция барысында 15 537 жеке тұрғын үй араланып, әлеуметтік осал топтағы 1 073 отбасы жеке бақылауға алынды. Сонымен қатар, 100 газданғандықты анықтайтын құрылғы орнатылып, 40-тан астам тұрғын үйде мұржалар тазартылды.
Халыққа ақпараттық қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 112 материал жарияланып, 15 960 жадынама таратылды. Тұрғындармен тікелей байланыс үшін 154 жиналыс пен кездесу өткізіліп, 2 332 адам қамтылды. Оқу орындарында 49 интерактивті сабақ ұйымдастырылып, дауыс зорайтқыш арқылы 142 рет үндеу жасалды.
Қалалық профилактикалық іс-шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға, өрттің алдын алуға және төтенше жағдайлардың салдарын азайтуға бағытталған. Бұл шаралар тұрғындар мен балалардың өмірі мен мүлкін қорғауға, сондай-ақ қоғамда өрт қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға үлкен үлес қосып отыр.