Әл-Фараби ауданында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілік сәтті өтті. Бұл акцияға аудан тұрғындары, жергілікті мекеме қызметкерлері және қоғамдық ұйымдар белсенді түрде қатысты. Сенбілік барысында тұрғындар көшелерді, саябақтарды, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын және жеке сектор аумақтарын тазалап, қоршаған ортаны ретке келтірді.
Әл-Фараби ауданы әкім аппаратының қоғамның орта сапасын дамыту бөлімінің басшысы Берік Жанайып сенбіліктің маңыздылығы мен жүргізілген жұмыстар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы аудан аумағында тұрақты түрде өткізіліп келеді және әр сенбі сайын ұйымдастырылып, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған.
– Қазіргі таңда аудан бойынша елуге жуық сенбілік өткізілді. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен жеке сектор үйлерінің маңында тұрмыстық қоқыс жинау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінгі сенбілік Сәуле шағынауданында өтті. Мұнда тұрғындар арасында тұрмыстық қоқыс тастау әдеті жиі кездесетін, сондықтан біз осы аумақты тазалап, қоршаған ортаны ретке келтірдік, – деді Берік Серікбайұлы.
Сенбіліктің ерекшелігі – бұл шараның маусымдық сипатта ғана емес, жыл бойы жүргізілуінде. Қыс мезгілінде қар тазалау, көктем мен күзде абаттандыру жұмыстары, ағаштар мен тал отырғызу, сондай-ақ қоқыс шығару шаралары тұрақты түрде жүргізіледі. Аудан әкімдігі бұл жұмыстар арқылы тек қана қаланы көркейтіп қана қоймай, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және табиғатқа деген жауапкершілікті арттыруға да күш салуда.
Сонымен қатар, акция барысында тұрғындарға экологиялық сауаттылықты арттыру мақсатында үгіт-насихат жұмыстары ұйымдастырылды. Жүргізілген шараларға қатысушылар қоқысты дұрыс жинау, қоқыс контейнерлерін пайдалану және қаланың таза болуына өз үлестерін қосу жолдары жөнінде ақпарат алды. Аудан әкімдігі бұл тәжірибені тұрақты түрде жүргізіп, тұрғындардың табиғатты қорғауға деген көзқарасын нығайтуға тырысады.
Белсенді тұрғындар мен мекеме қызметкерлерінің қатысуымен өткен сенбілік қоғам мен табиғат арасындағы үйлесімділікті арттыруға, аудандағы экологиялық ахуалды жақсартуға және жалпы қаланың көркейуіне үлес қосқан маңызды шара болды. «Таза Қазақстан» акциясының келесі кезеңдері де тұрақты түрде өткізілетін болады, бұл әрбір тұрғынға өз қаласының таза әрі жасыл қалпын сақтауға атсалысуға мүмкіндік береді.