Антониу Кошта қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді

Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен келіссөздер өткізді. Еуропалық Кеңес басшысы елімізге алғаш рет ресми сапармен келіп отыр. Бұл сапар Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің 10 жылдығымен тұспа-тұс келіп, ерекше тарихи мәнге ие болды.

Мемлекет басшысы екіжақты байланыстардың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы сындарлы диалогтың қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Оның ішінде жуырда Брюссельде өткен «ЕО – Қазақстан» ынтымақтастық кеңесінің нәтижелерін жоғары бағалады.

АНТОНИУ КОШТА: «БІЗ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСЫП ОТЫРМЫЗ»

Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта өз сөзінде Қазақстан мен Еуропаның өзара ықпалдастығы соңғы жылдары ерекше қарқынмен дамығанын атап өтті. Оның айтуынша, Еуроодақ Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге толық дайын.

«Соңғы 10 жылда Еуропа Одағы Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне және шетелдік инвесторына айналды. Өз кезегінде Қазақстан Еуропаға мұнай мен уран жеткізуші елдердің үштігіне кіретін ел ретінде экономикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады. Бүгін біз қарым-қатынасымызды нығайтудың және экономикалық байланыстарды дамытудың жаңа кезеңіне қадам басамыз», – деді Антониу Кошта.

Ол Қазақстанның аймақтық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы рөлін де жоғары бағалады. Әсіресе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Кавказ өңіріндегі бейбітшілік бастамаларына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

БЕЙБІТШІЛІК, МУЛЬТИЛАТЕРАЛИЗМ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК

Антониу Кошта сөзінде Қазақстан мен Еуроодақтың сыртқы саясаттағы ортақ ұстанымдарына тоқталды. Оның ішінде:

  • БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқыққа негізделген мультилатерализм,

  • бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау,

  • жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ұжымдық күш-жігер

сияқты құндылықтар екіжақты серіктестіктің негізгі тірегіне айналғанын айтты.

Сондай-ақ ол Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты Еуропаның қазіргі көпполярлы әлемдегі стратегиялық бағыты ретінде бағалап, Қазақстанның осы аймақтағы тұрақтандырушы рөлін ерекше атады.

Еуропа Кеңесі Президентінің айтуынша, өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға тың серпін береді. Кавказ және Қара теңіз бағыттары арқылы Еуропаға шығатын бұл маршрут Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып қана қоймай, ЕО үшін де стратегиялық маңызы бар баламалы логистикалық бағытқа айналып келеді.

Келіссөз барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастардың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Оның ішінде:

  • көлік және логистика,

  • цифрлық трансформация,

  • энергетика және «жасыл» экономика,

  • маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастық,

  • ауыл шаруашылығы,

  • инвестициялық жобаларды кеңейту

сияқты перспективалы бағыттар бар.

Тараптар сауда айналымын ұлғайту, бірлескен өндірістер ашу, тұрақты көлік дәліздерін дамыту, сондай-ақ жоғары технологиялық жобаларды қолдау мәселелері бойынша нақты келісімдерге келді.

Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық серіктестік жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Антониу Коштаның елімізге жасаған алғашқы ресми сапары тараптардың өзара сенімді, прагматикалық және ұзақмерзімді ынтымақтастыққа бейілді екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *