2025 жылдың басынан бері Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасы мегаполистің инфрақұрылымын жүйелі дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқаруда. Қалада жаңа жолдар салу, көлік қозғалысын оңтайландыру және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру бағытындағы жобаларға қажетті 341 жер учаскесі мемлекет мұқтажына қайтарылды. Қайтару процесі қала әкімдігінің қаулылары мен Шымкенттің Бас жоспарына сәйкес жүзеге асуда.
Мемлекет меншігіне алынған учаскелердің 298-інің иелеріне заңнама талаптарына сай ақшалай өтемақы төленді. Ал 43 жер учаскесінің иелеріне құндық жағынан балама жер телімдері ұсынылды. Қазіргі таңда инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын бастау үшін қажетті жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.
Инфрақұрылымдық жобалар бойынша атқарылған негізгі жұмыстар
1. Қонаев даңғылының 5-кезеңі
Бұл стратегиялық жоба үшін жалпы 270 жер учаскесі қажет етілген. Қазіргі уақытта оның 253-інің иелерімен келісімге келініп, өтемақы төленгеннен кейін мемлекет меншігіне өткізілді. Қалған учаскелер бойынша құжаттандыру және келіссөздер жүргізілуде. Аталған даңғыл – қаланың негізгі магистральдарының бірі, сондықтан оның құрылысы көліктік жүктемені айтарлықтай азайтады.
2. А-2 автожолы (Бадам өзенінен Қазығұрт шағынауданындағы айналма жолға дейін)
Бұл бағытта 80 жер учаскесі қарастырылған. Бүгінгі таңда 25 учаске толық ресімделіп, өтемақы төленді. А-2 – еліміздің маңызды транзиттік бағыттарының бірі, сондықтан Шымкент аумағындағы оның құрылысын аяқтау республикалық деңгейдегі көлік қатынасын жақсартуға әсер етеді.
3. С.Бәйтереков көшесінің жалғасы – Ы.Алтынсарин көшесін қайта құру
Жобаға қажетті 56 жер учаскесінің 42-сі мемлекетке қайтарылды. Бұл көше көлік қозғалысын біршама жеңілдетіп, жаңа бағыттардың қалыптасуына мүмкіндік береді. Қазір жобаның келесі кезеңдері бойынша жұмыстар жүргізілуде.
4. Қазиев көшесінің жалғасы (Арғынбеков – Төлеметов көшелерінің аралығы)
25 жер учаскесі қарастырылып, оның 21-і мемлекетке өткізілді. Бұл аумақтағы құрылыс жұмыстары қаланың оңтүстік бөлігіндегі көлік қозғалысын реттеуге және жаңа шағынаудандардың дамуына ықпал етеді.
Қаланың дамуына қосылатын үлес
Шымкентте жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар тек жол салу мақсатында ғана емес, қаланың жалпы архитектуралық келбетін жаңғыртуға, жаңа логистикалық бағыттарды ашуға, тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған. Инфрақұрылымды жетілдіру – мегаполистің экономикалық және әлеуметтік дамуының басты факторларының бірі.
Жер қатынастары басқармасы алдағы уақытта да қала үшін маңызы жоғары жобаларды іске асыру мақсатында жер учаскелерін мемлекет мұқтажына қайтару жұмыстарын жалғастырады. Мамандардың айтуынша, бұл процесс тұрғындардың құқықтарын қорғау және олардың мүлкіне қатысты заңды өтемақы төлеу қағидаттары негізінде жүзеге асып жатыр.