«ӘКЕЛЕР МЕКТЕБІ» КЕҢЕСТЕРІ АЛДЫНДА АУҚЫМДЫ МІНДЕТТЕР ТҰР

 Бүгін Мақтаарал ауданында «Әкелер мектебі» – тәрбие мектебі» атты тақырыпта облыстық семинар-кеңес өтті. Жиын алдында семинарға қатысушылар Абылайхан атындағы жалпы орта мектебінде «Әкелер мектебі» аллеясының ашылуына қатысып, оның айналасына шырша көшеттерін отырғызды. Іс-шараға Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, облыстық «Әкелер мектебі» кеңесінің төрағасы К.Төлебаев арнайы келіп қатысты. Онда Nur Otan партиясы Мақтаарал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Асабаев перзенттерін үлгілі етіп тәрбиелеген бір топ ата-аналарды Алғыс хатпен марапаттады. Семинар-кеңесті Мақтаарал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Оңғаров ашып, Түркістан облыстық ардагерлер ұйымының бастамасымен құрылған «Әкелер мектебі» кеңесінің мақсат-міндеттерін айта келіп, бүгінгі жиында оның жұмысын жан-жақты саралап, талдауға жиналғандарын айтты. Басқосуда Мақтаарал аудандық «Әкелер мектебі» кеңесінің төрағасы Шадияр Бәйтен мырза ұйымның қазірге дейін атқарған жұмыстары және алда тұрған міндеттер жайында баяндама жасады. Баяндамасы отбасылық құндылықтарды сақтауда әкелердің рөлі, әкелердің бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, қазақтың салт-дәстүрлерін жаңғырту, құқықбұзушылықтың алдын алу тақырыптары төңірегінде әңгіме өрбітті. Жас ұрпақтың бойына бабаларымыз бойтұмар етіп ұстанған ар-ұят, намыс, адалдық, әділеттілік, әдепті де ибалы болу, үлкенге ізетті, кішіге қамқор секілді асыл қасиеттерімізді сіңіре отырып тәрбиелеудің маңызды екенін айтты. Семинар-кеңесте сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Б.Төребеков әрбір мектепте жасөспірімдер арасындағы бұзақылықты болдырмау, оның алдын алу, түрлі мәдени-спорттық іс-шараларды жиі өткізуде мектеп басшылығы мен «Әкелер мектебі» кеңестері бірлесіп, тығыз байланыста жұмыс істеу қажеттігін атап көрсетті. Ал, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары К.Төлебаев «Әкелер мектебі» құрылғалы бергі кезеңде бірқатар игі жұмыстардың атқарылғанын атап көрсетті. Облыс әкімі Ө.Шөкеевтің өзі жасөспірімдерге өнегелі тәрбие беру мақсатында құрылған бұл кеңеске үлкен қолдау білдіріп, оның жұмысын жандандыруға тапсырма бергенін айтты. Баяндама бойынша жарыссөзге шыққан Келес, Жетісай аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары Ш.Сәрсенұлы, Ә.Исаев және «Жаңа жол» жалпы орта мектебінің директоры Г.Айнабековалар «Әкелер мектебі» кеңестеріне жас ұрпақты тәрбиелеуде үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын айта келіп, бұл игі іске ардагерлер мен ұстаздар қауымы белсене қатысып келе жатқанын айтты. Ал, Мақтаарал аудандық білім бөлімінің басшысы М.Серікбаев бүгін алғаш рет Мырзакент кентінде ашылған «Әкелер мектебі» аллеясы барлық білім беру мекемелерінде де құрылатынын атап көрсетті. «Мектептерде құрылған «Әкелер мектебі» кеңестері алдында ауқымды міндеттер тұр. Әкелердің қатысуымен мәдени-спорттық түрлі іс-шаралар өткізумен бірге, балалардың сабақтан тыс уақытын қалай өткізетініне баса мән беруіміз қажет. Түнгі беймезгіл уақытта балалардың көшеде жүруін, компьютерлік ойын клубтарына баруын тоқтату мақсатында рейдттік тексерулерді жиі өткізген жөн. Әке – отбасының басты тірегі, әке сөзі – әрбір бала үшін заң болуы тиіс. Халқымыз «Әкеге қарап, ұл өсер» деп бекер айтпаған. Тәрбие ісінде осы қағиданы басты ұстаным етуіміз керек» — деді Мұратбек Серікбаев. Семинар-кеңесте қолөнер көрмелері ұйымдастырылды. «Үлгілі» жалпы орта мектебінің өнерлі оқушылары қойған «Әке жолы» сахналық қойылымы, шәкірттердің орындауындағы әке туралы әндер көптің көңілінен шықты.

  

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *