Шымкент қаласында әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылған азаматтар саны артып келеді. Қала бойынша зейнеткерлер саны 100 869 адамды құрайды. Сонымен қатар 1 381 тыл еңбеккері және Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген 2 129 азамат тіркеуде тұр.
Қалада көпбалалы аналар саны 70 728-ге жеткен. Оның ішінде «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған аналар саны – 14 837. Төрт-бес баласы бар көпбалалы аналар 55 891 адамды құрайды.
–Биыл зейнет жасындағы азаматтарды санаторлық-курорттық емдеумен қамту жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. 2025 жыл үшін 5 500 зейнеткерге кезек ретімен жолдама беру жоспарланған болатын. 11 айдың қорытындысымен 4 950 ардагерге жолдама берілді. Оның ішінде «Ақсу демі» шипажайына 1 550, «Күлпаршынға» 870, «Денсаулыққа» 970 және «Айша бибіге» 790 жолдама қарастырылды, — деді басқарма басшысы Жанат Өтебаева баспасөз брифингте.
Сондай-ақ басқармаға қарасты «Ізетті зейнеткер» сауықтыру кешенінде қызмет алушылар санын арттыру мақсатында орын саны 70-тен 120-ға дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде жыл ішінде 2 330 ардагер мен зейнеткер қамтылды. Жалпы жыл басынан бері 7 282 зейнеткер санаторлық-курорттық жолдамамен қамтамасыз етілді.
Қазіргі таңда зейнеткерлерге шипажайларға жолдама беру үдерісі толықтай автоматтандырылған. Кезек реттілігі Geo-shym.kz сайты арқылы жүргізіліп, зейнеткерлер үйден шықпай-ақ өз кезегін онлайн бақылауға мүмкіндік алып отыр.