Шымкент әкімі дәрі-дәрмек қоймаларының жұмысын аралап көрді

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы бірқатар дәрі-дәрмек қоймалары мен медициналық бұйым шығаратын мекемелерді аралады. Шаһар басшысы «НПО Зерде» және «Медсервис Плюс» ЖШС-нің көтерме қоймаларын тексеріп, жоспарланған дәрілік заттарды жеткізу және жинақтау бойынша резервтік қорлармен қамтамасыз етілуіне көз жеткізді.

НПО «Зерде» ЖШС-нің №1 дәрілік қоймасы қалыпты жұмыс істеуде. Қойма басшылары дәрілер болмаған жағдайда дәріхана ұйымдары қорларын толықтырып жатқанын жеткізді. Қойманың жалпы ауданы – 2,44 гектар. Мұнда 130 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

«НПО «Зерде» ЖШС – ел нарығындағы фармацевтикалық өнімдердің ірі дистрибьюторларының бірі. Және жоғары сапалы, қолжетімді дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың кең ауқымын ұсынады.

«Медсервис Плюс» ЖШС дистрибьюторлық компаниясы бүгінгі таңда 300-ден астам фармацевтикалық компаниялардың өнімдерімен жұмыс істейді. 4000-нан астам медициналық фармацевтикалық өнімдердің кең ауқымын ұсына алады. Бүгінде еліміздің 14 ірі қаласында компанияның филиалдары ашылған. Ауданы 2300 шаршы метр қоймада 62 адам жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта 500-ден астам дәріханалық желілермен келісім жасалып, жеткілікті қор қамтамасыз етілген.

Қоймаларды аралаған қала әкімі фарм компания өкілдерін әкімдікпен бірлесе жұмыс жасауға шақырды.

– Әкімдік тарапынан қажетті көмектер көрсетіледі. Дәл қазіргі тұрғындардың жағдайына байланысты баршамыз күшейтілген күн тәртібінде жұмыла жұмыс істеуіміз қажет, – деді қала әкімі.

Шаһар басшысы дәріханалар мен қала тұрғындарына барынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу керектігін мәлімдеді. Вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер тек дәрігер нұсқаулығымен ғана сатылуы керек. Үй жағдайында өзін емдеу, алыпсатарлық секілді мәселелер туындамауы тиіс.

Осы ретте қала тұрғындарын алыпсатарлықтың немесе дәрі-дәрмекті шекті бағадан асырған жайттың куәгері болған жағдайда дереу «109» байланыс нөміріне хабарласуын сұраймыз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *