Бердібек Сапарбаев 100 жасаған ардагерге Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді

Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Мұсахан Бердібайұлы 100 жасқа толып отыр. Ғасыр жасаған қазыналы қарияны аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев арнайы барып құттықтады.

Облыс әкімі ардагерге мерейтойына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған құттықтауын жеткізді.

— Ардагерлерді құрметтеу – баршамыздың мерейлі міндетіміз. Ардагерлер – кешегі Отан қорғаушылар, еліміздің көркеюіне үлес қосып, ерен еңбегімен соңына өшпес із қалдырған жандар. Ардагерлеріміздің, аға ұрпақ өкілдеріміздің еңбегі елеулі.

Сіздердің жастық шақтарыңыз Ұлы Отан соғысының сұрапыл кезеңімен қатар келді. Сіздер бүлінген шаруашылықтарды қалпына келтірдіңіздер, күйзелген елдің еңсесін қайта тіктедіңіздер, Сіздер өз иықтарыңызға түскен ауыртпалықтың бәрін абыроймен жеңе білдіңіздер. Біле білсек, бүгінгі бақытты өмірге жеткеніміздің өзі – сол аға ұрпақтың, ардагерлеріміздің арқасы. Біз олардың қасиетті жолын қастерлеп, оны лайықты түрде жалғастыруға тиіспіз. Бүгінгі жастар бойындағы елжандылық қасиет осындай береке-бірлігіміздің негізінде дамып отырғаны анық, — дей келе Бердібек Сапарбаев қазыналы қарияға амандық, құт-береке тіледі.

Мұсахан Бердібайұлы – 1922 жылы 15 ақпанда Жуалы ауданы, Жетітөбе ауылында дүниеге келген. Ауылдық мектепте бітірген соң 1941 жылы армия қатарына шақырылып, соғыс әдіс-тәсілдерін меңгере бастайды. Сталинград, Курс доғасында, Калинин, Беларусия майдандарына қатысқан.

1945 жылдың басында ауыр жарақат алып, госпиталда емделеді. Сол жылдың мамыр айында елге оралады.

Соғыстан кейінгі жылдары ұстаздық қызметті абыройлы атқарып, көптеген шәкірттер тәрбилеп, шығармашылықпен де айналысады.

«Қызыл жұлдыз», 1-2 дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. Жуалы ауданының құрметті азаматы Мұсахан Бердібайұлы бүгінде 18 немере, 38 шөберені сүйіп отыр.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *