Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік партиясының кезектен тыс съезіне қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз басында барша қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады.

– Біз осындай ынтымақтың арқасында қаңтардағы қиын-қыстау күндерде мемлекеттігіміз бен тұтастығымызды қорғап қалдық. Тәуелсіздігімізге төнген қатердің бетін қайтардық. Сын сағатта бірлігін сақтай білген барша отандастарымызға зор ризашылық білдіремін. Ұйымды жаңғырту туралы алқалы жиынның дәл бүгін өтуінің  символдық мәні бар. Бірінші наурыз – партияның құрылған күні. 23 жыл бұрын еліміздегі ең басты саяси ұйымның негізі қаланды. Партия  халықты ортақ мақсатқа жұмылдырды. Қоғамға пайдалы көптеген бастамалар көтеріп, сайлаушылардың қолдауына ие болды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы партияның келешегі жөнінде айта келіп, оның бұған дейін атқарған жұмысын ұмытуға болмайтынына, өз ісіне берілген партия белсенділерінің қажырлы еңбегіне құрметпен қарау керек екеніне тоқталды.

Президент еліміздің «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі ауқымды міндетті орындауға кіріскенін мәлімдеді. Алдымызда мемлекетіміздің болашақ тағдырын шешетін аса маңызды жұмыс тұр. Оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін жаңа мақсат-міндеттерімізді айқындап алуымыз қажет. Партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс.

– Саяси ұйымның атауын Аманат деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен Аманат деген атауға тоқтадық.   Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де  айрықша мәні бар киелі ұғым.  Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы.   Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады. «Аманат» ата-бабаларымыздың келешек ұрпаққа қалдырған өсиеті деген ұғымды білдіреді. Аманат сөзінің – мағынасы терең, халқымыздың тарихы мен мәдениетінде ерекше орын алады. Ол бабаларымыз өсиет еткен тәуелсіздіктің мәңгі арман-мұраты, қуатты мемлекеттіліктің және жалпыұлттық тұтастықтың, кең-байтақ Отанымыздың құндылығы ретінде сипатталады. Біз осы баға жетпес мұрамызды сақтап, нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің аға буын мен өскелең ұрпақ алдындағы қастерлі борышымыз. Сондықтан мен партиямызды ресми түрде Аманат деп атауды толық қолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өткен айда жүргізілген ауқымды аналитикалық жұмыстар партия қызметіне маңызды өзгерістер енгізу қажет екенін көрсетті деп атап өтті. Жоғарыда айтылған ұсыныстарды қолдай отырып, партия Төрағасы бірқатар басым міндетті айқындап берді. Оның пікірінше, ең алдымен, орталыққа тәуелділікті жою және партия аппаратының тиімділігін арттыру қажет.

– Партия аппаратының жұмысында бюрократияның теріс сипаттары анық көрінді. Желілік кестелер, есеп беру және қағаз жүзіндегі іс-шаралар сайлаушылармен тікелей жұмыс істеуді екінші орынға сырғытты. Жұмысқа құлшынып тұрған азаматтар өз орындарын дарынсыз функционерлерге беруге мәжбүр болды. Сондықтан орталық аппараттың филиалдармен және бастауыш партиялық ұйымдармен өзара іс-қимыл әдістерін толығымен қайта қарау қажет. Бюрократия мен қағазбастылықтан үзілді-кесілді бас тарту керек. Аймақтық филиалдар мен бастауыш ұйымдары сайлаушылармен өздігінен жұмыс істей алады және жұмыс істеуге міндетті. Орталық аппарат нұсқаушылық және «қолмен» басқару тәжірибесінен арылуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *