Шетелдік көліктерді заңдастыру 23 қаңтардан басталады

Шетелдік көлік тізгіндеген жүргізушілер үшін жағымды жаңалық айтайық. Елімізде жүрген мұндай көліктерді ресми түрде заңдастыру рәсімі келесі дүйсенбіден басталады. Мемлекет басшысы бұл туралы былтырғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтып өткен болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автокөліктерді біржолғы заңдастыру өткізу туралы жариялады

Содан бері тиісті органдар заңдарға өзгерістер енгізу мен түрлі қажет процестерді жүзеге асырып, өткен жылдың 30 желтоқсаны күні Президент тиісті заңға енгізілетін өзгерістер туралы құжатқа қол қойды. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде тәртіп сақшылары шетелдік көліктерді заңдастыру тәртібін түсіндіруде.
Шымкент қалалық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ерғали Сүлейменов Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасын іске асыру шаралары туралы баяндады.
– Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында қажетті заңнамалық өзгерістер енгізілді. Оған қоса Үкімет биылғы 11 қаңтарда ел аумағына 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген көлік құралдарының жекелеген санаттарын алғашқы тіркегені үшін алым мөлшерлемесін қолданудың және осындай көлік құралдарын әкелуді жүзеге асырған жеке тұлғаларды өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелерінен босатудың қағидаларын, шарттары мен мерзімдерін бекітті. Ережелер алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі, яғни 2023 жылғы 12 қаңтарда жарияланғанын ескере отырып, 2023 жылдың 23 қаңтарында күшіне енеді және сол күннен бастап біз шетелдік автокөліктерді заңдастыруға кірісетінімізді хабарлаймыз, – деді Ерғали Сыбанқұлұлы.
Полиция полковнигінің айтуынша, көрсетілген қағидаларда автокөліктер қандай жағдайларда алым төлеп және утиль алымынан босатыла отырып, заңдастыруға жататыны туралы нақты өлшемшарттар белгіленген.
– Біріншісі – көлік 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін елге әкелінуі керек. Екіншісі – іздеуде болмауы қажет. Үшіншісі – басқа мемлекетте бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылған болу тиіс және төртінші талап – кедендік тазартудан өтуі керек. Бұл Евразиялық экономикалық одаққа мүше емес елдерден жеткізілген көліктерге қатысты (Мысалы, Қырғызстаннан – ред). Ережелер 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін күшінде болады және жеңіл автокөліктерге, шағын, орта автобустарға (толық салмағы 5 тоннаға дейін) және шағын жүк автомобильдеріне (толық салмағы 3,5 тоннаға дейін), оның ішінде оң жақты басқару органдары бар автокөліктерге қолданылады. Бастапқы тіркеуге жататын шетелдік автокөліктердің шыққан жылына және экологиялық сыныбына талаптар қойылмайды, – деді әкімшілік полиция басқармасының бастығы.
Жауапты мамандардың айтуынша, автокөліктерді заңдастыруға өтінішті «Электрондық үкімет» порталы арқылы беруге болады немесе мамандандырылған ХҚО-ға бару керек. Ол ХҚО-да арнайы секторлар ұйымдастырылады, олар тек автокөліктерді заңдастыруға қажет құжаттарды қабылдайды. Сондай-ақ, әкімшілік полиция және мемлекеттік кірістер органдарының қызметкері болып, қажет болған жағдайда кеңес береді.
Шетелдік көліктің иесі темір тұлпарын елімізде алғашқы тіркеуге қою үшін – 200 мың теңге, техникалық құжат үшін – 4 313 теңге және мемлекеттік тіркеу нөмірі үшін 9 660 теңге баж төлейді.
Өтініш пен құжаттарды тапсырғаннан кейін тексеру пунктінде көлік құралының нөмірлік агрегаттары салыстырылады. Оны ішкі істер органдарының сарапшы-криминалисті жүргізеді (келушілер қатары артса, олардың саны көбейтіледі). Салыстырып, тексеруден өткеннен кейін екі күн ішінде көлік құралын заңдастыруға болатыны немесе болмайтыны жөнінде шешім шығарылады және ол шешім өтініш берушінің ұялы телефонына жіберіледі.

 

 

http://nomadnews.kz/

https://www.facebook.com/Nomadnews.kz

https://www.instagram.com/nomadnews.kz/

https://www.youtube.com/@nomadnews./featured

https://www.tiktok.com/@nomadnews.kz?lang=ru-RU

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *