Шымкенттік оқушылар Қазақстан армиясының қызметімен танысты

Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу аясында механикаландырылған бригада аумағында «Аманат» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының бастамасымен «Ашық есік күні» патриоттық акциясы өтті. Қаланың 6 жалпы білім беру мекемесінен 120-ға жуық оқушы армия өмірін іштен көруге келді.

Әскери бөлімнің трибунасынан қатысушыларды бригада басшылығы, «Қарулы Күштер ардагерлері» РҚБ қалалық филиалының төрағасы, отставкадағы полковник Серікбай Оңбаев және Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері кеңесінің төрағасы Сергали Рысбеков қарсы алды.

Олар осы әскери бөлімдегі қызметтің барлық ерекшеліктері туралы айтып, оның құрылу тарихына, жетістіктері мен сарбаздардың қызметіне тоқталды.

Саптық алаңындағы әңгімеден кейін оқушыларға әскерде қолданылатын техниканың, қару-жарақтың және киім нысандарының, арнайы жабдықтар мен инженерлік құралдардың негізгі үлгілері ұсынылды.

Оқушылар үшін бөлім аумағындағы жататын үй-жайлар, оқу сыныптары, жаттығу және демалыс бөлмелеріне экскурсия өткізілді.

Сонымен қатар, әскери қызметшілер келісімшарт бойынша қызметтің ерекшеліктеріне және әскери оқу орындарына түсу және оқу ережелеріне қызығушылық танытқан жоғары сынып оқушыларының сұрақтарына жауап берді. Олар қабылдау ережелері, ҰБТ нәтижелеріне қойылатын талаптар, дене дайындығы және денсаулық жағдайы туралы толық ақпарат алды.

Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *