Туберкулез ауруынан сақтанайық!

Туберкулез – адамдар  арасында таралған жұқпалы ауру екендігі туралы мәлімет ерте  заманнан белгілі болған. Бартельс (1904ж) өзінің археологиялық қазбаларында табылған, б.э.5000 жыл бұрын өмір сүрген адамның қаңқасының ,кеуде омыртқасында туберкулезге тән дөңес төмпешіктердің болғандығын анықтаған.Туберкулез туралы мәліметтер Вавилон (б.э.дейінгі VIIIғасыр),Қытай, Египет,Грек ( Гипократ б.э.дейінгі V-VIғасыр)т.б елдердің ежелгі қол жазбаларында айтылған.Мұнда аурудың -дене қызуының көтерілуі, жөтел, қан түкіру, күш-қуатының әлсіреуі туралы жазылған.

Туберкулез ауруы қазіргі таңда да  ,тек қана дамушы елдер ғана емес, дамыған елдердің  де денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды мәселе.

Туберкулез ауруының қоздырғышы-Mycobacterium tuberculosis — қоршаған ортаға , қышқылға, сілтіге, спиртке  төзімді. Ол сыртқы ортаның әр түрлі обьектілерінде бірнеше айлап тіршілігін сақтай алады: құрғақ қақырықта -ылғалды ,қараңғы ортада бірнеше жыл, шаң-тозаңда 100күн, топырақта 6 ай, суда-150 күн,піспеген сүтте 2 апта сақталады. 100 С-та 45 мин қайнатқанда,  сүтті 75-80С  30 минут қайнатқанда жойылады. 0,5%  хлорамин , 5  % формалин ерітінділері т.б дезинфицирлеуші ерітінділер әсерінен тез жойылады.

Туберкулез – науқас адамнан сөйлеген, жөтелген және түшкірген кезде ауа жолдары арқылы, сондай-ақ ауырған жануардың сүтін шикілей ішкенде, етін шала пісіріп жегенде беріледі.Туберкулез кез келген жаста жұғуы мүмкін, бірақ дұрыс тамақтанбау , жиі суық тиіп ауыру, қосымша ауруларының болуы-АИТВ-жұқпасы, қант диабеті, асқазанның ойық жарасы және басқалардың салдарынан қорғаныс күштері әлсіреген ересектерде, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдерге бұл әсіресе қауіпті. Туберкулезге шалдыққан  науқаспен  қарым-қатынас ұзақ және жиі болған жағдайда да аурудың жұғу қаупы жоғары болады. Көп жағдайда туберкулезбен өкпе тіндері зақымданады, алайда туберкулез микобактериялары барлық басқа ағзалар мен тіндерді: плевраны, лимфа түйіндерін, іш қуысын, несеп-жыныс жүйесін, теріні, буындар мен сүйектерді, бас және жұлын қабықтарын зақымдап, оларда туберкулез ауруын тудырады. Туберкулез ауруының негізгі белгілеріне: екі аптадан артық жалғасатын жөтел , салмақ тастау, тершеңдік, кеуде қуысындағы ауырсыну, қан түкіру, жалпы әлсіздік және тез шаршау, ұзақ уақыт бойы дене қызуының көтерілуі жатады. Осындай белгілер байқалған жағдайда аймақтық дәрігерге қаралып, тексерілген жөн. Егер туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқас  дер кезінде анықталмаса немесе емделмесе, ол жылына орта есеппен 10-12 адамға жұқтыруы мүмкін.

Туберкулез ауруларының алдын алу мақсатында жаңа туған дені сау нәрестелерге, медициналық қарсы көрсетілімдері болмаған кезде, туғаннан кейінгі алғашқы 2-4 тәулікте перзентханада «Кальметт-Герен бациллалары» вакцинасымен (БЦЖ вакцинасы),сол иыққа  екпе жасалынады. Екпеден соң, балада  арнайы  туберкулезге қарсы иммунитет қалыптасады. Қандай да бір себептермен (адамның иммун тапшылығы вирусы немесе ЖИТС, шала туылу – дене салмағы 2000 грамнан кем немесе гестациялық жасы 33 аптадан кем, орталық нерв жүйесінің зақымдануы бар туу жарақаттары , құрсақішілік инфекция, қызба және жалпы жай-күйінің бұзылуы) байланысты перзентханада БЦЖ вакцинасы егілмеген балалар бұл вакцинаны, қарсы көрсетілімдер жойылған соң, өз мекен-жайына қарасты емханаларда қабылдайды.

БЦЖ вакцинамен ревакцинациялау, 6 жастағы (1-сынып) дені сау балаларға,  республика бойынша бір уақытта оқу жылының бірінші айында (қыркүйек) ұйымдастырылады. Бұл айда мектепте басқа екпелер жасалмайды.                                                                                        Балаларда туберкулезді анықтау үшін туберкулинді «Манту» сынамасы, рекомбинантты туберкулезді аллергенмен «Диаскинтест»  сынамасы деп аталынатын диагностикалық тест қолданылады. Нәтижесі «Оң» болған балаларға қажеттілігіне орай, рентген-лабораториялық тексерулер, фтизиопедиатр-дәрігердің кеңесі жасалып, көрсеткіштеріне қарай химиопрофилактикалық ем тағайындалады. Ал туберкулез ауруының жұғуы жоғарғы қауіпі бар халықтың арасында флюорографиялық зерттеп-қарау жұмыстары жүргізіледі. Туберкулезге күдіктілік анықталған жағдайда,туберкулез микобактерияларын анықтау мақсатында микроскопиялық зерттеу, яғни арнайы қоректік орталарда өсіру(Левенштейн –Йенсен әдісі), автоматтандырылған БАКТЕК әдісі (микобактерияны 1-4аптада анықтайды), сондай-ақ жаңа молекулярлық-генетикалық HAIN-test және  GN-Expеrt (1-2тәулікте анықтайды) сияқты жедел әдістерді қолданады. Ал аурудың ағзада шоғырланған орны мен зақымдану көлемін анықтау үшін-рентгенография, томография, компьютерлі томография әдістері қолданылады.

Туберкулез ауруын уақтылы анықтау, дұрыс және ұқыпты емдеу-салауатты қоғамға апарар тура жол. Сондықтан , қоғамның барлық мүшелері туберкулез және  оның алдын алу жолдары туралы білуі керек.

Ұлжан Туребаева

дәрігер-фтизиопедиатр

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *