САЙРАМ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Сайрам ауданының әкімі болып Сәбитов Арман Сәбитұлы тағайындалды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жаңа әкімді аудан активіне таныстыру барысында оған маңызды міндеттер жүктеліп отырғанын айтты. Жауапты басшылық лауазымдарда үлкен жұмыс тәжірибесі бар екенін атап өтіп, қызметіне сәттілік тіледі.

– Сайрам ауданы – ерекше әрі ең ірі аудандардың бірі. Жаңа басшыға маңызды міндеттер жүктеліп отыр. Алда атқарылар істер көп. Оған тәжірибесі жетеді. Жаңа өндіріс орындарын ашуды, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуды әрі қарай жүзеге асыру қажет. Ауыл шаруашылығын озық технологиялармен жабдықтап, инвестиция тарту керек. Қоғамдық және құқықтық тәртіпті сақтай отырып, аудан тұрғындарына барынша қолайлы жағдай жасауды тапсырамын, – деді облыс әкімі.

Арман Сәбитов 1984 жылы Шымкент қаласында туған, білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің аспирантурасын бітірген. Мамандығы бойынша экономист, экономика ғылымдарының кандидаты, мемлекеттік аудитор.

Еңбек жолын «Азаматаудит» ЖШС аудиторлық мекемесінде аудитордың ассистенті болып бастаған.

2004-2011 жылдары аудитордың аға ассистенті, менеджер-жоба басқарушысы, Алматы қаласындағы өкілдік басқарушысы лауазымдарын атқарған.

2011-2016 жылдары Алматы қаласы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі болған. 2016 жылдың желтоқсан айынан бастап ОҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарған.

2017-2019 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы, одан әрі Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасын басқарған.

2019 — 2020 жылдары Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің Мемлекеттік инспекторы, Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарып келген. 2020 жылдың қазан айынан Түркістан облысы әкімінің орынбасары лауазымында болды.

Ауданды бірнеше жылдан бері басқарған Ұласбек Сәдібеков ҚР Парламент мәжілісінің депутаты болып сайланды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *