Бүгінгі таңда ауданымызда мың үш жүзден астам азамат көлік салығын төлеуден жалтарынып жүр. Олардың қазіргі таңда жергілікті қазынаға қарызы 37 млн.теңгеден асып отыр.
Бұл туралы бүгінгі аудан әкімі Нұржан Ізтілеуовтың төрағалығымен өткен лездемелік жиында аудандық кірістер басқармасының басшысы У.Халмурадов мәлімдеді.
Сонымен қатар, басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда кәсіпкерлік нысанын төмен бағада көрсеткен бизнес объектілерін қайта бағалау және ауданға заңды тұлғаларды тарту арқылы салық көлемін ұлғайту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Шілде-тамыз айларының аралығында ауданға 6 бірдей жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркеліп, олардан қосымша 41 млн.теңгеден астам салық аудандық бюджетке түскен.
Бұдан бөлек аппараттық жиында индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы және «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асуы мен күзгі дала жұмыстарына дайындық мәселесі қаралды.
Апталық жиынды қорытындылаған Нұржан Жақсылықұлы аудан тұрғындарының өтініштерін қанағаттандыру үшін бірінші кезекте қомақты қаржы қажет. Ал қаржының басым бөлігі осы салық түсімдерінен құралады. Осы ретте салық көздерін ұлғайтуға, оның ішінде ауыл-аймақтарға кәсіпкерлер мен инвесторларды тартып, жаңа жұмыс көздерін ашуға жұмыс жасау керектігін ескертіп, жауапты орынбасары мен ауыл әкімдеріне осы бағытта нақты тапсырмалар берді. Көлік салығы берешектерін өндіру бойынша рейдтік шараларды күшейтуді тапсырып, орындау мерзімін белгіледі.
«Ауыл аманаты» жобасы іске асып жатқан округтердің тұрғындары мен кәсіпкерлерін барынша бағдарламаға қатысуын ұйымдастыру керектігін ескертіп, насихат жұмыстарын тоқтатпау керектігін атап өтті.
Жиын соңында аудан басшысы сыбайлас жемқорлықты алдын алу бойынша сөз қозғап, барлық мекеме басшыларына бұл бағытта өз мамандарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Өз болашақтарына балта шаппай, қызмет барысында Заң талаптарын қатаң сақтау керектігін ескертті.