Сарыағаш ауданында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен кездесуінен кейін тұрғындар көтерген өзекті мәселелер шешімін тапты. Атап айтқанда, кәріз жүйесі жүргізілмегендіктен 2019 жылдан бері бос тұрған.
13 көпқабатты тұрғын үйлерге қатысты мәселе шешіліп, 585 отбасы баспаналы болды. Жаскешу елді мекенінде «Жайлы мектеп» пилоттық жобасының аясында 600 орындық мектептің құрылысы басталды. Жемісті елді мекенінің ескірген электр желілері жаңартылып жатыр. 3 трансформатор мен 5,4 шақырым электр желісі жүргізілуде. Жылға және Нұр ауыл елді мекендерінің ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарына 669 млн. теңге қаралды. Жалпы құны 2 млрд. теңге болатын құрылыс жұмыстары келер жылы пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар осы елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі министрліктермен пысықталуда. Жаңатұрмыс, Қарабау елді мекендерінің тұрғындары ішкі көшелерге асфальт төсеу үшін 248 млн. теңге қаралып, жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. Жаңатұрмыс елді мекенінде амбулатория салынуда.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен тұрақты кездесуі Сарыағаш ауданында жалғасты. Ел алдында есеп берген облыс басшысы биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығын қорытындылап, атқарылған жұмыстың мән-жайымен тұрғындарды таныстырды. Алға қойылған мақсат-міндеттермен бөлісіп, қолға алынатын жобаларға кеңінен тоқталып өтті.
— Сарыағаш ауданы шекаралы аймақта орналасқан облысымыздың маңызды аймақтарының бірі. Ауыл шаруашылығы қарқынды даму үстінде. Облыстағы жылыжайлардың 53 пайызы осы мекенде орналасқан, республикадағы жылыжайлардың 71% Түркістан облысында. Біздің мақсатымыз — өңіріміздің әрбір тұрғынының өмір сүру деңгейін арттыру және қолайлы жағдай жасау. Бұл бағыттағы ұсыныстарыңыз біз үшін өте маңызды. Облысымыздың оңтүстік аудандарында 1 миллионға жуық халқы бар. Бірақ бұл аймақтарда осы уақытқа дейін бірде-бір перинаталды орталық болмаған. Осыған орай Сарыағаш ауданыннан перинаталды медициналық орталық құрылысын салу бойынша сұрақ көтерілген болатын. Бұл бойынша Мемлекет басшымыз арнайы тапсырма берді. Сарыағаш қаласының аумағынан 8 га жер телімі бөлініп, жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Өздеріңіз көріп отырғандай, барлық көтерілген сұрақтар өз шешімдерін табуда. Кейбір мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру кезінде қосымша уақыт талап етеді, бірақ олардың барлығы бақылауда тұр,-деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Сарыағаш ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі биыл 6 айда 90 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 400 млн. теңгеге артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі былтыр 7 млрд. теңгеден асты. Биыл жарты жылда 3 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылды.