Мемлекет басшысы елімізде «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын айтып, оның халық саны көп оңтүстіктің тұрғындарын жұмыс күші аз өңірлерге қоныстандыруға арналған жоба екенін түсіндірді.
– Бірқатар азаматымыз солтүстікке көшіп, тіршілігін жасап жүр. Биыл «Серпін» бағдарламасы бойынша жастарға арнап 3700-ге жуық грант бөлінді. Оның 800-ден астамын түркістандықтар иеленді. Ел іргесін бүтіндеп, тұғырын нығайту жолындағы осы маңызды жұмысқа сіздер зор үлес қосып келесіздер. Дегенмен жастардың еңбекке құлшынысын арттыруымыз керек. Біз құрып жатқан жаңа қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек деген ұғымды жастарымызға түсіндіру қажет. Себебі отаншылдық дегеніміз, ең алдымен, іскерлік, еңбекқорлық. Құр сөзден ештеңе шықпайды. Азаматтарымыз алдымен отбасына, балаларына қамқор болуы керек. Оларға еңбегімен, алғырлығымен нәпақасын тауып беруі қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Президент Түркістан халқымен кездесуінде көрші елден келіп жатқандар туралы көпшіліктің көкейінде жүрген мәселеге де арнайы тоқталған еді.
– Қазақта «Көршімен татудың көңілі тоқ» деген сөз бар. Ең бастысы, іргелес елдермен тату болуымыз керек. Бұдан еш ұтылмаймыз. Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым. Жалпы, осындай күрделі жағдайда біз ең алдымен адамгершілік, сабырлық, ұйымшылдықты танытуымыз керек. Бізде ешқандай дағдарыс жоқ, дүрбелең де жоқ. Үкімет өз жұмысын атқаруы керек. Сырттан келген адамдарға көмек көрсетіледі, бірақ жеңілдіктер берілмейді. Жұмыстың бәрі заң бойынша, келісімдер бойынша жүргізіледі. Біз Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп, бұл түйткілді еліміздің мүддесіне сай шешеміз. Тағы да қайталап айтамын, осындай алмағайып кезеңде бізге, ең алдымен, береке-бірлік қажет. Елдің тыныштығын сақтай білсек, тұрақты дами аламыз. Барлық мәселені байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз керек. Мұны мен киелі Түркістан төрінен арнайы айтып тұрмын. Өйткені бұрын-соңды дәл осы жерде айтылған аталы сөздің бәрі алты Алашқа түгел тараған. Ғасырлар бойы жалғасып, қанымызға сіңген бұл дәстүр қазір де сақталып отыр, – деді Президент.
Ал бүгінде Жетісай ауданына Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданынан арнайы делегация келді. Бұған дейін «Еңбек» бағдарламасы тек 4 облысты, яғни Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарын қамтып келген болса, енді бұл бағдарламаға Қарағанды облысының өңірлері де қосылды.
Жетісай аудандық «Мансап» орталығының ұйымдастыруымен өткен кездесудің басты мақсаты – аудан тұрғындарына көші-қон бағдарламасын кеңінен түсіндіру, халқы аз солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниет білдірген азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды таныстыру.
Жетісай қаласындағы Ғ. Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжіндегі жүздесу барысында делегация мүшелері Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданына қоныс аударуға ниетті азаматтарға бос жұмыс орындары жайында кеңінен мәлімет беріп, мемлекеттік бағдарламалар аясында қаралатын жеңілдіктер мен қолдаулардың барысымен таныстырып, жергілікті тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Жиынға қатыса алмай қалған, алайда қоныс аударуға ниетті азаматтар Уәлиханов ауданық «Мансап» орталығы филиалының +7 775 272 90 89; +7 771 896 95 19 байланыс нөмірлері арқылы толық ақпарат ала алады.