Түркістан облысында тағы бір жер дауы шешілді. Қазығұрт ауданы, «Қарабау» шаруашылығына берілген 4,4 мың гектар егістік жер телімі ауданның арнайы жер қорына қайтарылды. Оның 3 мың 900 гектары 7 өндірістік кооперативке конкурс арқылы берілді. Осылайша, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыдан Қарабау ауыл округіндегі жер бөлу мәселесін шешуге қатысты көмек сұраған тұрғындар мәселесі шешімін тапты. Облыс әкімінің Қазығұрт ауданындағы халықпен кездесуіне келген тұрғындар бірнеше жылға созылған жер дауына нүкте қойған әкімге алғыс айтты.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен тұрақты кездесуі бүгін Қазығұрт ауданында жалғасты. Ел алдында есеп берген облыс басшысы биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығын қорытындылап, іске асқан жұмыстардың мән-жайын тұрғындарға баяндады. Алға қойылған мақсат-міндеттер мен қолға алынатын маңызды жобаларды жеткізді.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша 747 млн. теңгені құрайтын 136 жоба мақұлданып, оның ішінде 73 жобаға 365 млн. теңге несие берілді.
Шаруалардың еңбегінің арқасында ауыл шаруашылығы өнім көлемі соңғы 3 жылда 1,5 есеге өсіп, былтыр 66,7 млрд. теңгеге жетті. Биыл 6 айда ауыл шаруашылығында өнім көлемі 21 млрд. теңгені құрап, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға өскен. Оның ішінде, биыл 6 айда мал шаруашылығында 18 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, егін шаруашылығында 3 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Биыл 92 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ауданда 181 гектарда жылыжайлар орналасқан.
Сонымен қатар, 665 гектарға қарқынды бау егілген. Ауданда 7 мың гектар жерде «нөлдік технология» қолданылуда. Яғни алдыңғы жылы жерді жыртпай тікелей егуді қолға алған «Сапа-2002» компаниясы Бразилиялық тікелей егу дәнсепкішін алып, «нөлдік технологияны» 4 мың гектардан астам жерге енгізді. Нәтижесінде әр гектардан 21 мың теңге үнемдеп, 1 гектардан 30 центнер өнімге қол жеткізді.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы тарапынан жастарға қолдау көрсетіліп, қайтарымсыз көтерме жәрдемақы және үй салу немесе сатып алу үшін жеңілдетілген несие берілмек. Биыл 130 маманға 45 млн. теңге көтерме жәрдемақы және 60 маманға 310 млн. теңге көлемінде тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредит беру жоспарлануда.