Бүгін «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында Төлеби ауданының білім бөлімінде шынайы мейірімділіктің, қамқорлықтың лебі сезілген керемет іс-шара ұйымдастырылды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаевтың, Ленгір қаласының әкімі Мақсат Жұмабаевтың, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекайдар Тойлыбаевтың, басқа да бірқатар азаматтардың, әлеуметтік педагогтардың, балалардың қатысуымен өткен аталмыш шара барысында әлеуметтік статусқа ие 100 төлебилік оқушыға белгілі кәсіпкер, меценат, Төлеби ауданының Құрметті азаматы Бегалы Рыспаевтың қаржысына алынған, қажетті оқу құралдары салынған оқушы сөмкелері таратылды. Бір айта кетерлігі, жаны жайсаң, жүрегі кең, жомарт жан Бегалы Шералыұлы былтыр да аталмыш акция аясында төлебилік оқушыларды мектепке дайындауда көмек көрсеткен болатын.
Жомарттық танытқан кәсіпкерге аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекайдар Адамбекұлы былайша алғыс айтты:
— Құрметті Бегалы Шералыұлы! Сіз бүгін балалардың да, ата-аналарының да жүрегіне жылу сыйлаудасыз. Осындай игі іс атқарып отырғаныңызға дән ризамыз. Сізді жаны ізгілікті сүйетін азамат деп білеміз. «Жақсылық жаса!» ұранымен өткізіліп жатқан биылғы «Мектепке жол» акциясы аясында оқушыларды мектепке дайындауға көмек көрсетуде белсенділік танытып, шынайы қамқорлықты сездіргеніңізге алғысымызды білдіреміз! Болашағымыз – жас ұрпақтың мерейін өсіріп, олардың ертеңгі күнге деген сенімін бірге нығайта берейік.
Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен 2008 жылдан бері жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында еліміздің барлық өңірлерінде дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы биылда Түркістан қаласында өткізіліп келеді. Осы негізде Бүгін қаламыздағы оқушылар сарайында «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп жасындағы 120 оқушыға Түркістан, Кентау қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің және «Парасат» оденінің иегері, кәсіпкер Мусабеков Базарбай Зубайдуллаұлының отбасының демеушілігімен әлеуметтік көмек көрсетілді.
Аталған шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сарсенбаев, қала әкімінің орынбасары Ерлан Күзембаев және қалалық мәслихат депутаты, «Amanat» партиясының фракция жетекшісі Құлбатыр Базарбайұлы қатысты. Өз сөзінде Бейсенбай Даулетүлы Базарбай Мұсабековтың бұл шараны жыл сайын дәстүрге айналдырып, көптеген игі істерге бастамашы болып келе жатқандығын айтып, өзінің алғысын білдірді.
Қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сарсенбаев жиын барысында — Білім көшін жетілдіру жолындағы осынау айтулы жетістіктерге қол жеткізуіміз – білімді жастардың арқасы. Расында, білім – ғылымның іргетасы, мемлекет дамуының алтын арқауы. Ал білім кемесін мініп ілім іздеп, алға қарай ұмтылу – әр азаматтың борышы. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, цифрлық дәуірдегі жаңа білім мен дағдылар жаңа буынның болашақ табысының кілті болып табылады. Сол себепті еліміздің болашағы сіздерсіздер. Жаңа оқы жылына сіздерге сәттілік, тың бастамалар мен жарқын жетістіктер тілеймін. Келешектеріңіз кемел, болашақтарыңыз нұрлы болсын. – деді.
Республикалық «Мектепке жол» акциясы жалпыға бірдей білім беру айлығы аясында өткізіліп, мектеп жасындағы балаларды толық қамтуды қамтамасыз етуге және аз қамтылған отбасылардағы мектеп оқушыларына қаражат және материалдық көмек көрсетуге бағытталған.