Шымкентте «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қалалық екінші кезеңіне қатысушыларды марапаттау рәсімінде Шойбек Орынбай мен Нұрболат Сермаңызовтардың отбасылары жеңімпаз деп танылды. Байқаудың шарты бойынша аудан әкімдіктерінде сәуір-мамыр айларында Шымкент қаласының тұрғындары арасында өтініштер қабылданған. Нәтижесінде 40 отбасы ниет білдіріп, тиісті құжаттарын тапсырыпты.

— Былтырғы жылға қарағанда биыл байқауға көпбалалы отбасылар мен жас отбасылар саны 2 есе көп қатысып отыр. Анкеталық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша әр ауданнан 4 үміткер барлығы 16 отбасы байқаудың екінші кезеңіне қатысты, — деді Шымкент қаласының отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаев Ұлттық конкурстың екінші кезеңінің финалистерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде.

Байқау қатысушыларын іріктеу жөніндегі конкурстық комиссия шаңырағы шаттыққа бөленген, 42 жыл берік отбасын құрған жазушы-журналист Шойбек Орынбай мен қарымды қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисі Асхан Майлыбаеваның өнерлі отбасын жеңімпаз деп таныпты. Бұл отбасының кенже ұлы кәсіби режиссер, актер, КТА ойындарының белді мүшесі Шапағат Орынбай бүгінде қазақ өнерінде танымалдыққа ие. Басқа перзенттері де педагогика және құқық саласында жетістікке жеткен жандар. Ал екінші отбасы алты бала тәрбилеп, ата дәстүрді дәріптеп жүрген, ауыл шаруашылығына да сүбелі еңбек сіңіріп келе жатқан Нұрболат Сермаңызовтың отбасы.

Жеңімпаз отбасының екеуі де қаймағы бұзылмаған қазақи, өз кәсібіне адал, ұрпақ тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарайтын, отбасылық құндылықтарды берік сақтаған Орынбаевтар мен Сермаңызовтар отбасынан қай жағынан болса да үлгі алуға тұрарлық.

Жеңімпаз екі отбасыға байқаудың шешуші үшінші кезеңіне қатысуға жолдама берілген. Қыркүйек айында Нұр-Сұлтанда өтетін республикалық байқауда Шымкент қаласын таныстырмақ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *