Бүгін Бәйдібек ауданында «Мектепке жол» акциясы өтті. Аудан орталығындағы «Балалар» аллеясы алдында таңда басталған жәрмеңкеге келген аудан тұрғындарының қарасы көп. Мұнда аудан кәсіпкерлерімен қатар, өңірдегі басқа аудан, қалалардан бірнеше кәсіпкер келіп мектеп формалары мен қалам, дәптер, сызғыш және де басқа оқу құралдарын жеңілдікпен, базар нарқынан төмен бағада ұсынды.
Шараға арнайы қатысқан Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Берік Тұрлыбеков жәрмеңкені аралап көрді. Аталған жәрмеңке жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналарға жеңілдік есебінде өзге қалаларға бармай-ақ, балаларына қажетті мектеп құралдарын бір жерден әрі төмен бағамен алу мақсатында ұйымдастырылып отырғандығын атап өтті.
Жаңа оқу жылы қарсаңында жәрмеңкеде мектепке қажетті құралдар мен формаларды төмен бағада жеңілдікпен сатуды ұйымдастырушыларға аудан тұрғындары ризашылығын білдірді. Аталған шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары тұрғындарға арнайы дайындаған концерттік бағдарлама ұсынып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Қосымша ақпар, биыл өңірде инфрақұрылымы, инженерлік жүйелері, жері, суы мен газы, электр жүйесі, жалпы әрбір өзекті мәселесін шешу жолдары жоспарланып, нақты жұмыс жүріп жатыр. Оқушылардың саны зерделеніп, қауіпсіздігі де басты назарға алынған. Сонымен бірге мектептердің жобасы, қолданылатын құрылыс материалдары мен жиһаздары бойынша да ортақ стандарт қабылданған. Ол мердігерлерге ұсынылды.
Жүйелі әрі жедел жұмыстар нәтижесінде 2023 жылы құрылысы жоспарланған 29 мектептің 19-ының жер телімдері бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігер мен жобалаушы мекемелері анықталды. Ал қалған 10 мектеп бойынша «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы тарапынан сатып алу конкурсының ашылуы өткізілуде.