2023 жылдың қыркүйек айында аяқталып, пайдалануға берілмек. Ордабасы ауданында 2000 орынға лайықталған мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов Шұбарсу ауыл округіне барып, бірқатар нысанда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Ең алдымен Шұбарсу ауылындағы Қ.Қалметов көшесінде 2000 орындық мектеп құрылысын бақылап көрді.
Мердігер мекеме — «Игілік-Құрылыс 2030» ЖШС-і. Аталмыш нысанның құрылысы 2022 жылы басталған. Нысан 2023 жылдың қыркүйек айында аяқталып, пайдалануға берілмек. Бүгінде мектеп құрылысының 80 пайызы аяқталған. Есік, терезелері орнатылып, ішкі қабырғалары сыланып, әрлеу жұмыстары жалғасып жатыр. Мердігердің айтуынша, мектепке қойылып жатқан есік-терезелер оның өз цехынан шығарылып жатыр. Одан бөлек, аудан басшысы Найман-2 алабын табиғи газбен қамту бойынша 3 кезеңінің құрылыс жұмыстарымен және Жаңа-1 алабындағы ауыз сумен қамтудың 5 кезеңінің құрылыстарымен танысты. Қазіргі таңда Шұбарсу ауылын ауыз сумен қамту үшін су бастау аумағында су жинақтау резервуарының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысында 2023 жылы 33 мектептің құрылысын жүргізуге түрлі қаржыландыру көздерінен 23,6 млрд. теңге қаржы қаралған. Биыл 20 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның ішінде 6 мектепті 1 қыркүйекте ел игілігіне ұсыну көзделіп отыр. Аталған мәселе облыс әкімі аппаратының апталық отырысында талқыланды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды құрылыс жұмыстарын қатаң бақылауға алып, уақтылы аяқталуын қадағалауды тапсырды. Сонымен бірге мектептердегі күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін толық аяқтау керектігін ескертті.
– Мектептер өз уақытында салынып, ел игілігіне берілуі тиіс. Құрылыс жоспары, мерзімі бойынша қателікке жол беруге болмайды. Қазір бюджетте қаражат тапшы екенін білесіздер. Әрбір тиынды тиімді жұмсап, міндетті сапалы атқарған жөн. Құрылысы кешеуілдеп жатқан кейбір білім ұяларына жауапты мердігерлерге қатаң ескертіңіздер. Жұмыс жоспардағыдай жүрмейтін болса, жауапты басқарма мен өзге де мекеме басшыларының жауапкершілігін де қараймыз. Ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін толық аяқталуы қажет. Құрылыс баяу жүріп жатқан нысандарда іс барысын бақылап, жұмысты жандандырыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.