Бүгін Сайрам ауданында Конституция күні қарсаңында спорт кешені пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов қатысып, өскелең ұрпақты ептілік пен төзімділікке тәрбиелеп, салауатты өмір салтын қалыптастыруда жаңа спорт нысандарының маңызы зор екенін атап өтті.
Жаңа спорт нысанының пайдалануға берілуі аудандағы бұқаралық спортты дамытуға, сондай-ақ жаңа жұмыс көздерінің ашылуына үлес қосады. Бүгінде Манкент ауылында орналасқан спорт кешенінде 20 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы нысан құрылысына 450 млн. теңге жұмсалған. Оның 65 % кәсіпкердің жеке қаражаты есебінен болса, қалған 35 % «Jusan» банкінен несие көздерінен. Аталған ғимараттың құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталған болатын. Айта кетейік, жұмысшылардың орташа жалақысы 150 мың теңгені құрайды.
Спорт кешенінде күрес, волейбол, баскетбол, кіші футбол, гимнастика, жүзу, бокс және үстел теннисі сияқты спорт түріне баулуға барлық жағдай жасалған, қажетті спорттық құралдармен толық жабдықталған. Бүгінгі қуаныш ауыл спортшыларына да, тұрғындарға да үміт ұялатып отыр. Спорттық нысан жаңа чемпиондарды тәрбиелеуге септігін тигізеді. Спорт кешенінде күрес, волейбол, баскетбол, кіші футбол, гимнастика, жүзу, бокс және үстел теннисі сияқты спорт түріне баулуға барлық жағдай жасалған, қажетті спорттық құралдармен толық жабдықталған.
Айта кетсек, тұрғындарды спортқа баулу үшін алдымен спорт мекемелерінің базасы жақсы болуы керек. Содан барып спортқа қызығушылық танытатын тұрғындардың саны арта түсуі анық. Өңірде 59 спорт түрі бойынша 29 олимпиадалық, 30 олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша 72 спорт мекемесі бар. Онда жалпы саны 51 мыңнан астам спортшы тіркелген. Түркістанда жекпе-жек спорт түрлеріне сұраныс артып отыр. Оны спортшылардың жеткен жетістіктерінен анық байқауға болады.
Жалпы өңірде бокс, таэквондо, дзюдо, күрес түрлері, қазақ күресі, аралас жекпе-жек, сынды басқа да спорт түрлеріне қызығушылық артуда. Өңірде 2021 жылдың қорытындысы бойынша 4643 спорт ғимараты жұмыс істеді. Оның ішінде, 21 стадион, 1 спорт сарайы, 2 құрама командалардың оқу-жаттығу орталығы, 41 спорт кешені, 103 спорт манежі (102 футбол манежі, 1 ат манежі), 1 шаңғы базасы, 135 атқыштар тирі, 16 теннис корты, 2 ипподром, 22 жүзу бассейні (50 метрлік – екеу, 25 метрлік – 20, 25 метрден аз – 7), 998 спорт зал, жазықтықты құрылғылар 3256 (6 спорттық ядролар, 2350 спорттық алаң, 900 алаң) және 45 жапсарлас спорттық залдар бар. Биылдың өзінде Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, облыс орталығында «Теннис орталығы», «Ескек есу каналы» пайдалануға берілді.