Бүгін Түлкібас ауданының орталығынан шалғай орналасқан Келтемашат ауылында Конституция күніне орай жаңа медициналық нысан ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Салтанатты ашылу шарасына Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Марат Жанесен арнайы қатысып, жергілікті тұрғындарды жаңа ғимараттарының ашылуымен құттықтады.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауылдардағы әлеуметтік мәселелерді шешу, әсіресе медициналық тірек ашу міндетін Үкіметтің алдына қойған еді. Қазақстан бойынша медициналық тірегі жоқ 650 ауылдың мәселесі шешілетіндігі айтылған еді. Міне Түлкібас ауданында Жолдауда айтылған мәселе көп ұзамай өз шешімін тауып жатыр.
Елді мекен тұрғындарына қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында биылғы жылы аудан аумағындағы медициналық тіректі қажет ететін 15 елді мекеннің 4-не заманауи жаңа нысан соғылып, ағымдағы жылы пайдалануға берілгелі отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар мұнымен тоқтамайды. Келесі жылы 5 елді мекенге, ал қалған 6 елді мекенге 2025 жылы заманауи фельдшерлік-акушерлік пункттер соғу жоспарлануда.
Айта кетейік, Келтемашат фельдшерлік акушерлік пунктінің аумағы 20 соттық. Құрылысы өткен жылдан өтпелі болып,биыл аяқталып отыр. Орталық 20 адам қабылдауға шақталған. Іші қажетті заманауи құралмен толық жабдықталған.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаның мақсаты — барлық ауылдық елді мекендерді бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ ауыл халқына шұғыл медициналық көмек көрсету тиімділігін арттыру есебінен қалалық және ауылдық денсаулық сақтау арасындағы теңгерімсіздікті қысқарту.
Жоба келесі негізгі міндеттерді шешуді көздейді: Ауылдарда жетіспейтін медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар сияқты БМСК объектілерін салу.
Республиканың бүкіл аумағын заманауи көп бейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісімен қамту, соның ішінде инсульт орталықтарын, кардиология, реанимация, оңалту бөлімшелерін КТ, МРТ, УДЗ, ӨЖЖ және басқа да қажетті аппараттармен жарақтандыру.
Жоба шеңберінде ауылдарда 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек объектілерін салу, реконструкциялау, қосымша жарақтандыру, соның ішінде 700 мыңнан астам ауыл тұрғындарын медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік беретін жаңа 228 және жұмыс істеп тұрғандарының орнына 427 объект салу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, ауылдардағы медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар заманауи жабдықтармен жабдықталады, сондай-ақ тіркеу орны мен күту бөлмесі дизайнының бірыңғай тұжырымдамасы пайдаланылатын болады.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, республикада АМСК нысандарының тозуы 51,6%-ды құрайды, қазіргі уақытта 33 апатты нысан бар.Денсаулық сақтау министрлігінің алдын ала бағалауы бойынша, бұған шамамен 126,5 млрд теңге, оның ішінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге 9,16 млрд теңге қажет.