Түркістан қаласындағы Балалар мен жасөспірімдер спорт клубы 2021 жылдан бастап жұмыс істейді. Клуб жұмысын бастағалы бұқаралық спортты дамытуда бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда жасөспірімдер арасында теннистен Қазақстан Республикасының чемпионаты өткізіліп, еліміздің 13 қаласынан келген жүзден аса спортшы бақ сынады.
Тұрғындардың қатысуымен «Денсаулыққа қарай 10000 қадам», «Спорт –денсаулық кепілі» сынды бүкілхалықтық жүгіру марафоны ұйымдастырылды. Мекеме қызметкерлері ұлттық ойын түрлерін де назардан тыс қалдырған емес. Асық ату, ләңгі тебу, белтемірге тартылу, қол күрес пен секіртпемен секіру т.б ойын түрлерінен жүйелі жарыстар өткізіп тұрады. Бүгінде шаһарда клуб ұйымдастыруымен 23 маусымнан бері жасөспірімдер арасында футболдан біріншілік өтуде. Одан бөлек, 26 шілдеден бастап халық арасында кең тараған ойын түрлерінен тұрғындар жарысуда.
Клубта теннис, шахмат, баскетбол, волейбол, футбол сынды спорт түрлерінен тегін үйірме бар. Оған 6-15 жас аралығындағы балалар жазыла алады. Спорт клубта түрлі бәсекелерде жеңіске жетіп жүрген балалар да жетерлік. Шахматтан Нұрислам Сұлтанхан Азия чемпионатында күміс жүлде иеленсе, теннистен Дурдона Дауранова алтын жүлдеге ие болды.
Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының футбол командасы да бірнеше қалада Түркістанның атын танытып келеді. Нақты айтқанда, Астана қаласында өткен республикалық турнирде II орын, Таразда өткен республикалық турнирде I орын, Қостанай және Ақтөбе қалаларында өткен республикалық жарыста III орынды жеңіп алды.
Жұмыстан бір мезет бойды сергітіп, спортпен шұғылдану әрбір тұрғын үшін өте маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, мұғалімдер мен медицина қызметкерлері арасында спартакиада, жоғары, орта арнаулы оқу орындарының студенттері, құқық қорғау қызметкерлері арасында жарыстар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Мысалы, Қарағанды қаласында төрт жылда бір рет өтетін БАҚ қызметкерлері арасындағы республикалық жарыста түркістандықтар жалпыкомандалық есепте бас жүлдені иеленді. Спорттың бес түрін қамтыған сайыста ақпарат құралдары өкілдері қазақ күресі мен футбол, волейбол және үстел теннисі, бильярд спортынан республика бойынша іріктелген құрамалар қатысып, шеберліктерін көрсетті. Аса тартысты өткен спартакиадада көш бастаған түркістандықтар қоржынында 3-алтын, 3-күміс, 1-қола медалді иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы тағайындалған Кубоктар мен дипломдармен марапатталды. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөлінуде. Бұқаралық спортымыз дамымай, облыстың спортын әлемдік деңгейде көтеру мүмкін емес. Бірақ қазір де спортшыларымыздың бірқатары әлемдік деңгейде өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көрінуде. Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының 2021-2025 жылдарға арналған стратегиялық дамуға арналған салалық бағдарламасында белгіленген бағыттары бойынша дамуда.