Республикалық Тамыз кеңесі Түркістан облысында «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» Ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие тақырыбында республикалық тамыз кеңесінің секциялық отырыстары басталды.
Секциялық отырыстар «Фараб» кітапханасының мәжіліс залы мен оқу залында және «Ұлы Дала Елі» орталығында өткізілді.
«Адал азамат – ел тірегі» тақырыбындағы №1 секция жұмысын Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру» департаментінің директоры Медетбекова Меруерт Асқарбекқызы жүргізіп отырды.
Сондай-ақ, “Буллингтің алдын алуда эмоционалды интеллектінің рөлі” атты баяндаманы Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші сарапшысы Тайболатов Қуандық Момынғазыұлы сала мамандарына кеңінен тарқатып айтып өтті.
Түркістан облысында өтіп жатқан тамыз кеңесінің №2 секция жұмысын Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, «Психология, тәрбие және тұлғаны дамыту орталығының» директоры Тәңірбергенова Анар жүргізіп отырды. Анар Шынболатқызы алғы сөзді алып, қатысушыларға өз баяндамасын оқыды.
Сонымен қатар, «Білім –инновация» Халықаралық Қоғамдық Қоры, Тәрбие бөлімінің басшысы Смақов Самат Халықұлы “Құндылықтарға негізделген білім берудегі халықаралық тәжірибе” тақырыбында өз жұмысын көрсетті.
Бұдан бөлек, “Балалар мен жасөспірімдерді тәуелділіктен сақтандырудың шешу жолдары”, “Рухани тәрбие – ұлттық құндылықтың қайнар көзі”, “Абайдың толық адам концепциясын тәрбие үдерісінде іске асыру” , “Ғаламтор ғасырындағы еңбекке баулу мәселелері”, «Дара сынып» жобасы-оқушыларды ұлттық құндылыққа тәрбиелеудің негізі, “Тәрбие келбеті: әлеуметтік желі мен Интернет кеңістіктегі балалар мәдениетін дамыту”, “Ұлттық мұра жарқын болашақ: тәрбие үдерісін ұйымдастырудағы ұлттық құндылықтар мен жаңаша инновациялар”, “Тәрбие – талбесіктен: Ұрпақ тәрбиесінде байқалмайтын қателіктер”, “«Толық адам ілімі»- рухани тәрбие өзегі”, “Тәрбиенің тиімді әдістерін қолдану арқылы оқушылардың бойында ұлттық құндылықты сіңіру” тақырыптарында басқа өңірден келген қатысушы-спикерлер баяндамаларымен таныстырды.
Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, сұрақ-жауап кезеңіне қатысты. Секция соңында баяндамалар негізінде үздік ұсыныстар топтастырылып, “Тамыз кеңесі – 2023” пленарлық сессиясына ұсыныс енгізді.