Түркістан облысында құрылыс жұмыстарының көлемі 158 млрд. теңгені құрады. Жыл басынан 410 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (12%-ға артты). «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін жалпы аумағы 185 мың м2 құрайтын 55 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Нәтижесінде 3140 отбасы баспаналы болады. 5 жылда құрылыс көлемі 2,5 есеге өсіп, 351 млрд. теңгені құрады.
Пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 2 есеге көбейіп, 864 мың шаршы метрге жетті. 5 жылда Түркістан облысында 4500-ге жуық отбасы коммуналдық баспанамен қамтылды. «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5000-нан астам отбасы әлеуметтік кредиттік үй сатып алды.
Жалға алған баспана ақысын субсидиялау бағдарламасымен (50%) 2000-нан астам отбасы қамтылды. 221 көппәтерлі үйге күрделі жөндеу жүргізілді.
Облыс орталығына айналған Түркістанда 5 жыл ішінде заманауи нысандар бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Облыс орталығында ғана емес, аудан-қалаларда да осы бағытта жұмыстар қолға алынып, Түркістанмен бірге дамыту көзделген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында 2022 жылғы 25 қаңтарда Қазақстан Республикасының Үкіметі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне (ИИДМ) азаматтардың әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттарына жеке тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалдау үшін төлемдерді тағайындау және төлеу тәртібін айқындау жөнінде өкілеттіктер беретін Қаулы қабылдаған еді.Соңғы деректерге сәйкес, Түркістан қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны 13 мыңнан асады. Ал, Республика бойынша кезекте тұрған¬дар саны – 562 мың адамға жеткен. Парламент, Үкімет деңгейінде халыққа тұрғын үй салу үшін жер беру мәселесін оңтайландырып, баспана бағасын төмендетудің жайын қарастырмаса, жарты миллионнан астам адамның баспанасыз жүруі – бұл шын мәнінде әлеуметтік шиеленісе түсуіне әкеліп соқтыратын қауіпті құбылыс.