Бүгін Жетісай ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Қайнар Аббасов пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспановтың, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың, Жетісай және Мақтаарал аудандарының мақта өндіруші шаруалары мен мақта өңдеу зауыттары өкілдерінің, тәуелсіз зертхана басшыларының қатысуымен алқалы жиын өткізді.
Жиында жыл сайын 300 мың тоннадан астам мақта өндіретін Түркістан облысының 25 мың шаруасына тиімді мақта саласын дамыту, терең өңдеу бағытында мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, стратегиялық маңызға ие мақта шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында инвестициялық субсидиялау бағдарламасы арқылы мемлекеттік қолдау көрсету шараларын кеңейту мәселелері талқыланды.
Айтылған ұсыныстарға байланысты шитті мақтаның бағасы ұсыныс пен сұранысқа байланысты белгіленетіні, мақтаны сатып алушы трейдер компаниялардың былтырғы жылғы мақтаны әлі де толықтай сата алмағандығы жайлы түсіндірме жұмыстарын жүргізген жұмысшы топ өкілдері заңдылықтарын түсіндірді.
Шаруалар тарапынан мақта кластерін дамыту, өнім сапасын арттыру бойынша сұрақтар қойылып, жауаптар берілді, көтерілген мәселелер талқыланып, шешу жолдары қарастырылды.
Мақтаарал ауданы экономикасының негізгі драйвері — ауыл шаруашылығы. Биыл жергілікті диқандар 61 мың гектар жерге егін екті. Оның ішінде 36,3 мың гектары мақта дақылы. Мақта дақылынан алынатын өнімділікті және сапасын арттыру мақсатында Өзбекстандық «Globаl Textile» компаниясымен келіссөздер жүргізіліп, алғаш рет жаңа «Намаган-77» тұқымдық шит егілді. Биыл бұл компания Мақтаарал ауданында өзінің мақта қабылдау пункттерін ашып, 10 мың гектар алқаптан шикізат қабылдау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта мақта қабылдау зауыттарымен қоса мақтаны терең өңдеу фабрикаларын салу жоспарлануда.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Мақтаарал ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар маңызды нысандардың жай-күйімен танысты. Жаңа «Намаган-77» мақта сортын өсіруге кіріскен шаруалармен кездесті. Атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Жаңа сортты айналымға енгізу арқылы мақтаның аса қауіпті зиянкестеріне қарсы өңдеу шығыны азайып, мақта өнімділігін арттыра отырып, қосымша табысты арттыруға болады.
Мақтааралға іссапарында өңір басшысы «Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында болып, тәжірибе орталығының жұмысымен танысты. Ғалымдармен жүздесті. Облыс әкіміне мақта кластерін дамыту, сапасын арттыру барысындағы жұмыстар мен элиталық тұқымдық шит, бәсекелестікке қабілетті отандық мақта сорттары таныстырылды. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Аталған саланы дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу аса маңызды екенін айтқан Дархан Сатыбалды ең алдымен мақта сұрпының сапасын жақсарту керектігін атап өтті.
– Облысымызды өзіндік табысын арттыру үшін жаңа жұмыс орындарын ашу бағытына күш салу керек. Бұл ретте мақта кластерін дамытудың маңызы зор. Осы салада ірі фабрика, зауыт ашамын дейтін азаматтарға қолдау көрсетуге дайынбыз. Сонымен бірге, мақта өсіруде су үнемдеу технологиясын мейлінше жетілдіру қажет. Жалпы мақта шаруашылығы үлкен ізденістер мен зерттеулерді талап етеді. Облыс әкімдігі тарапынан мақта кластерін дамытуға жағдай жасалады. Осы бағытта үлкен жоспарларымыз бар, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.