ТҮРКІСТАН: ҚЫТАЙЛЫҚ КОМПАНИЯ АРЫСТА БІРЛЕСКЕН ЖАҢА ЗАУЫТ САЛУҒА НИЕТТІ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қытайлық «Zhejiang Navas Industry and trade Co LTD» компаниясының басшыларымен кездесті. Олар Түркістан облысынан жылу жүйесіне арналған алюминий радиаторларын, еден аралық жылыту конвекторы (теплый пол), газ қазандықтарын шығаратын әлемдік стандартқа сай кәсіпорын салуға ниетті. Жобаның жалпы құны 10 млн. АҚШ долларын құрайды.

Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы қонақтарға алдымен өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуы жайында айтып берді. Оның барысында қытайлықтар үшін тиімді тұстарына баса назар аударылды. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы саласына, қайта өңдеу ісін дамытуға, жаңа өндірістік жобаларды жүзеге асыруға ерекше басымдық беріп жатқанын атап өтті. Өңірдің ерекшеліктеріне тоқталып, жақында болған Қытай сапары нәтижесінде жүзеге асатын бірлескен жобалармен бөлісті. Жаңа жобаларды жан-жақты қолдауға, мемлекет тарапынан көрсетілуі тиіс қолдауларды ұсынуға әзір екенін білдірді.

– Орта Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі саналатын Түркістан облысы еліміздің қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі және үлкен инвестициялық сондай-ақ туристік әлеуетке ие. Түркістан облысында бірнеше бағыттарда өңіраралық кооперацияны дамытуға болады. Халық тығыз орналасқан біздің өңірімізде ауа-райы өте қолайлы, халқы еңбекқор. Барлық деңгейдегі тұрақты байланыстар – екі елдің берік достығы мен қарым-қатынасының жарқын үлгісі. Біз өз тарапымыздан қытайлық компаниялардың бизнесті дамыту жөніндегі бастамаларына толық қолдау көрсетуге толықтай дайынбыз және ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімге жалғасады деп сенеміз. Жақын арада біз облыстың делегациясымен Қытайдағы ең ірі деген өндіріс алпауыттарының жұмысымен танысып, тәжірибе алдық. Енді соны іске асыруға мүдделіміз. Түркістан облысы ауданының әкімдері де Қытайдағы ірі өндіріс орындарында болып, тәжірибе алуда. Осы жұмыстар нәтижесі ретінде бүгінгі жобаларды жан-жақты қолдауға дайынбыз,– деді Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды.

Тараптар инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын талқылады. Облыс басшысы Түркістан өңірінде жүзеге асып жатқан ауқымды жобаларға тоқталды.
Өз кезегінде қытай инвесторы Түркістан өңірінің даму бағытын жоғары бағалап, «Бір белдеу, бір жол» жобасы аясында жаңа жобаны іске асыруға дайын екенін айтты. Зауыт өнімі халық сұранасына орай жүзеге асырылатынын атап өтті.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес Қытаймен екіжақты ынтымақтастықты нығайту мен одан әрі дамыту, іскерлік тәжірибе алмасу және Түркістан облысына инвестиция тарту мақсатында Арыс қаласы әкімі Гүлжан Құрманбекова бастаған делегация Қытай Халық Республикасында болды. Іссапар барысында арыстық делегация Қытайда бірнеше қалаларда орналасқан әлемге әйгілі ірі компаниялардың жұмысымен танысып, маңызды келіссөздер жүргізді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *