Ө.Шөкеев: аудандардың дамуы жіті қадағалауда болады

Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Жиналыстың күн тәртібінде Түркістан қаласын дамыту жөнінде және 2018-2019 оқу жылының аяқталу барысы мен ҰБТ-ға дайындық жұмыстары туралы мәселелер талқыланды. Ең алдымен облыс әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалуы барысы жайында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары И.Досхожаев баяндама жасады.Ол облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, толық талдау, зерделеу жұмыстары жүргізілгенін мәлімдеді.

Одан соң Түркістан қаласын дамыту бойынша қала әкімі Әліпбек Өсербаевбаяндап шықты.

«Бүгінгі таңда Б.Саттарханов даңғылынан мемлекет мұқтаждығы үшін сатып алынатын 54 кәсіпкерлік нысан анықталып, қажетті құжаттары жинақталып бағалау жұмыстарын жүргізуге ұсынылды. Оның ішінде 48-не бағалау қорытындысы алынып, 38 нысан босатылды. Сонымен қатар, Саттарханов даңғылын күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында мемлекеттік мұқтаждыққа алынатын 3 кәсіпкерлік нысан анықталып, бағалау жұмыстары жүргізілді. Бұзу жұмыстары 16 мамырға дейін толық аяқталады», – деді қала әкімі Әліпбек Шәріпбекұлы.

Өз кезегінде Өмірзақ Естайұлы Б.Саттарханов даңғылы бойынан саябақ салып, абаттандыру жұмыстарын жүргізу қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ, қаладағы сауда орындарын реттеп, каналдардың құрылысын тездетуді жүктеді. Бұдан өзге, ескі қаладағы сүрілетін нысандардың иелерімен түсіндірме жұмыстарын жеделдетіп, жұмысты қарқындатуды айтты.

Одан соң облыстық құрылыс басқармасының басшысы Т.Үсіпәлиев облыс орталығындағы құрылыс жұмыстарын баяндады.

«Бүгінгі таңда,Әкімшілік-іскерлік орталығында 17 нысан салынуда. 2019 жылы 7 нысан пайдалануға беріледі. Атап айтсақ,облыс әкімдігі, Астана алаңы, Медиа орталық, Олимпиадалық резервтегі спорт мектебі, саябақ, музыкалық мектеп, халыққа қызмет көрсету орталығы», – деді басқарма басшысы.

Ал, оқу жылының аяқталуы және Түркістан облысы мектеп бітірушілерінің Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстары туралы облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Садықова баяндады.

«2018-2019 оқу жылында облыста 24 061 оқушы 11-сыныпты тәмамдайды. Наурыз айында 14 375 түлек ақылы тестке өтініш беріп, қатысты. Орта балл 79,5-ті құрады. Сондай-ақ, мектеп бітірушілердің өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп бітіруші түлектердің соңғы қоңырау күні жеңіл көлікпен жүрулеріне қатаң тыйым салу жөнінде аудан, қала әкімдеріне және білім бөлімінің басшыларына хат жолданды. Министрліктің Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларына сәйкес, Ұлттық бірыңғай тестілеу2019 жылдың 20 маусым – 5 шілде аралығында өткізіледі. ҰБТ-ға қатысу құжаттар қабылдау ағымдағы жылғы 1 сәуір – 10 мамыр аралығында жүзеге асырылды», – деді ол.

Облыс әкімі аудандардағы оқу ордаларының жай-күйін реттеуді тапсырды. Бұл тұрғыда мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында жаңа нысандардың құрылысын бастау керектігін айтты.

Сонымен қатар, Өмірзақ Естайұлы аудандағы сапарлары аясында облыстың оңтүстік өңірлеріндегі аудандардың әлеуметтік, экономикалық тұрғыдан баяу дамып жатқанын айтты.

«Облыстың оңтүстік өңірлеріндегі Шардара, Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал аудандарында жол, құрылыс, инфрақұрылым, абаттандыру, газдандыру жұмыстары баяу, нашар жағдайда қалып отыр. Әлеуметтік нысандардың да көбісінің тозығы жеткен. Дамуы қарқынды Отырар, Созақ, Бәйдібек аудандарынан өзге өңірлер тәжірибе алмасуы қажет. Елге қажетті әлеуметтік нысандар, спорт алаңшалары, саябақтар, автомобиль жолдары ретке келуі керек. Аталған аудандарды дамытуды жеке қадағалауыма аламын. Жергілікті әкімдерден белсенді жұмыс жүргізуді талап етемін», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *