Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инновацияға ақша салатын инвесторларға қолдау күшейетінін атап өтті.
«Менің сайлауалды бағдарламамда «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңды әзірлеу туралы бастама көтерілген. Әзірленіп жатқан заң жобасы экономиканың даму қисынын ғылым мен инновация негізінде айқындауы қажет. Бизнес-инкубаторлар, коммерцияландыру орталықтары, технопарктер мен конструкторлық бюролар сияқты инновациялық инфрақұрылым құру бағытында жеке бастамаларды қолдаудың сөз жүзіндегі емес, пәрменді шаралары қажет. Табысты шетелдік тәжірибелерді пайдалану керек», — деді Мемлекет басшысы.
Президент инновациялық жобаларды іске қосудың негізгі көзі венчурлік қаржыландыру болуы тиіс екенін атады.
«Сондықтан отандық және шетелдік инвесторлардың жобаларға деген қызығушылығын арттыру үшін барлық құқықтық және қаржылық мәселелерді шешу қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Атом электр стансасын салу мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Атом электр станциясын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшылар ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болатындығын баса айтты.
«Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек. Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», — деді Президент.