АРЫСТАҒЫ ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРДІҢ ҚАТАРЫ КӨП БОЛУЫ МҮМКІН ЕДІ – САРАПШЫ

Тәжікстанның әскери шолушысы Абдулмаджид Давлатов Арыста орын алған жағдайға қатысты пікір білдірді.
Сарапшының пікірінше, халық арасындағы зардап шеккендердің саны анағұрлым көп болуы мүмкін еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат polit-asia.kz порталына сілтеме жасап.

Әскерилер жедел қызмет көрсете алды
«Арыстағы жағдайды бақылай отырып, халық арасындағы зардап шеккендердің саны анағұрлым көп болуы мүмкін деген қорытындыға келдім. Сөзімді былай түсіндірейін. Біріншіден, жарылыс өте жойқын болды. Ол тіпті, жанынан ұшып өткен ұшақтардың терезелерінен көрінді. Екіншіден, қазақстандық баспасөз беттерін ақтара отырып, арсенал маңындағы таяу жерде жеке меншік үйлер ғана емес, сонымен бірге, негізінен халық мекен еткен көп қабатты үйлер орналасқанын білдім», — дейді сарапшы.

Тәжік сарапшысы халық арасында көп адамның зардап шегуіне жол бермеуге мүмкіндік берген жағдайға түсініктеме берді.

«Зардап шеккендердің көп болмауына қазақстандық әскерилердің септігі тиді. Халықты көшірудегі жинақы іс-қимыл, төтенше жағдайды жоюдағы жоғары деңгейде ұйымдастырылған процесс, Қорғаныс министрлігінің бірінші басшылығы тарапынан ұдайы бақылау мен жіті қадағалау болғаны анық.

Арыстағы орын алған оқиға салдарынан зардап шеккендердің аз болуы қазақстандық әскерилердің тиімді іс-әрекетінің жемісі.

Оның пікірінше, бұл жағдайда әскерилерді кінәлау негізсіз.
«Жарылыстан кейін бірден әскерилерді кінәлі қылуға тырысқандарына таңғалдым. Иә, сөзсіз, жарылыс үшін жауапкершілік арсеналға тікелей қатысы бар барлық лауазымды адамдардың мойнына жүктеледі.
Алайда, оқ-дәрілермен жұмыс жасау – бұл әрқашан қауіп-қатер, ал оларды сақтау процесін ұйымдастыру тәртібі өте күрделі екенін ұмытпаған жөн.

Оның үстіне, мұндай арсеналдарда сақтау және кәдеге жарату кезінде мәселелер туғызатын есептен шығарылған оқ-дәрілер де сақталады. Сондықтан кінәлілер туралы сөз қозғауға әлі ерте. Қазіргі кезде жаппай жұмыс жасап жатқан арнайы комиссия барлығын анықтайтын болады», — дейді ол.
Оқ-дәрілер дұрыс сақталған

Сарапшының пікірінше, Арыстағы қоймалардағы оқ-дәрілердің сақталу процесі жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ондай болмаған жағдайда, жарылыс салдары одан бетер болар еді. Сөзіне дәлел ретінде ол Украинаны келтірді.

«Мәселен, Украинаны алайық. Онда әрқашан барлығын есептен шығарса да мұндай оқиғалар жыл сайын болып тұрады. 2015 жылдан бастап әскери қоймаларда бес оқиға орын алды. Онда халық арасындағы зардап шеккендердің саны әлдеқайда асып түседі. Ең мықты қарулы күштері мен әскери бюджеттері бар елдердің, яғни, АҚШ, Қытай және Ресейдің әскери қоймаларында да жарылыстар мен өрт оқиғалары болып тұрады. Сақтанған күннің өзінде мұндай күтпеген жағдайлар болады», — дейді тәжік әскери сарапшысы.
Негізсіз айқай-шу көп

Абдулмаджид Давлатов Арыстағы төтенше жағдайды БАҚ-та жария еткен кезде ақпараттық саланың қалған қызметкерлері де негізінен сезімге беріліп, дәйектілік туралы мүлдем ұмытып кеткенін атап өтті.
«Сондай-ақ кейбір қазақстандық журналистер, блогерлер мен өзге де ақпараттық сала қызметкерлері Арыстағы жағдайды жария ете отырып, дәйектілікті мүлдем естен шығарды деген қорытынды жасадым. Елдің түкпір-түкпірінен оқиғаның түрлі нұсқалары айтылып жатты, бірақ менің ойымша, бірде-біреуі шындыққа жанаспайды. Қазақстан армиясының қолбасшылығын ғана емес, үкіметті де, барлығын сынға алды. Арысты әлемдік ауқымдағы қайғылы оқиғамен салыстырды.

Арыстағы төтенше жағдайдың салдарынан үш адамның қаза тапқанын атап өткім келеді. Оның ішінде, бір ғана азаматтық адам.

Халық арасындағы зардап шеккендердің ресми статистикасындағы, мысалы, ЖКА мен демалыстағы қайғылы оқиғаларға ешкім назар аудармайды.

Сол баяғы қазақстандық блогерлер 2019 жылдың алты айы ішінде 850 адам қаза болды деген ақпаратты желілерге таратады. Бұл ЖКА, суда шомылу және абайсыздықтан орын алатын зардап шегушілердің саны үнемі өсіп келе жатқанын көрсетеді. Осындай кезде дау шығарып, шаралар қабылдау қажет», — деді сарапшы.
Сарапшы сондай-ақ қоймаларда өрт шығу себептеріне қатысты ойымен бөлісті.

«Оқиғаның себептерін арнайы комиссия анықтайды. Бұл адами фактор, өртке қарсы қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы немесе техникалық олқылықтар болуы мүмкін. Сондықтан ешкімге, оның үстіне, әуесқойларға осы жағдайға қатысты қорытынды шығаруға асықпасын деп қайталап айтқым келеді. Нүктесін қоятын арнайы комиссия жұмысының ресми нәтижелерін күткен абзал», — деп Абдулмаджид Давлатов қорытынды жасады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *