Жақында ғана Түркістанда бастау алған «Ашық әкімдіктегі – ашық кітапхана» жобасы Түлкібас ауданында жалғасын тапты. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіндегі жылжымалы кітапхана пункті өз жұмысын бастады. Мемлекеттік қызметшілер үшін ашылған кітапхана күнделікті оқырман қабылдауға дайын.
Кітапхананың ашылу салтанатына Түлкібас ауданы әкімдігінің аппарат басшысы Ф.Байтуғанов, Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Е.Орманов, Түлкібас АПБ-і бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Н. Елшібаев, Түлкібас аудандық маслихатының депутаты Ә. Қалдыбеков және Түлкібас ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Е. Сейфуллаев қатысты.
Аталған кітап пункті аудандық әкімдіктің халықтық кеңсе ғимараты аймағындағы бөлмеге орналастырылды. Кітапханаға оқырман қызыға оқитын көркем әдебиеттермен қатар, сала бойынша оқулықтар қамтылды. Атап айтқанда қазақ әдебиеті классиктерінің шығармалары, көркем әдебиет, поэзия, тарих, ұлттық салт-дәстүр, тағы басқа кітаппен және мерзімді басылымдармен толықтырылды.
Түркістанда «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасы аясында жылжымалы кітап пункті ашылды. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, мемлекеттік қызметшілер мен кітапханашылар қатысты.
Жылжымалы кітап пункті екі бөлімнен тұрады. Бірінші бағыт «Ашық қор» деп аталады. Ал соның жанындағы «Негізгі қор» бөлмесінде оқырманның кітап оқуы үшін оқу жағдай жасалған. Сондай-ақ кітапханаға келушілер үшін ақылы негізде сусын мен кофе ішетін орын да қарастырылған. «Ашық әкімдік» кеңсесінің ішінен ашылған кітап сөресінде қазіргі таңда 1000-ға жуық кітап қоры жасақталды. Оның ішінде әр түрлі бағытта, атап айтқанда мотивациялық, көркем әдебиет, психологиялық, тарих, дінтану тақырыбындағы кітаптар және мерзімді басылымдар бар. Жергілікті шебер Жанболат Сүйімбайдың қолынан шыққан, ешкінің терісінен жасалған бұйымда Абайдың «Қара сөздері» жазылған.
Сондай-ақ кітапхана қызметкерлері пергамент қағазынан әзірлеген «Диуани хикметтің» көшірмесі ұсынылған. Көне Күлтегін жазбасының да үлгісін осы жерден көруге болады. Қауырсын үлгісіндегі кітап стеллажы да көз тартады. Сонымен қатар оқырман сұранысына қарай қажетті кітаптарды облыстық кітапханадан қысқа мерзімде жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл туралы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова баяндады.
Жалпы облыстағы 396 кітапханаға биыл жыл басынан бері 40 мыңға жуық кітап алынған. Әлі де қажетті кітаптармен толықтыру жоспарлануда. Аталған жоба мақсаты билік пен халық арасындағы байланысқа руханият арқылы дәнекер болу, халықтың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің кітапхана қорындағы кітаптарға қолжетімділігін арттыру болып отыр.