Шардара ауданында «Еңбек күні» мерекесіне орай аудандық Мансап орталығының ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге 22 жұмыс беруші мекеме қатысып, 60 бос жұмыс орны ұсынылды.
Шараға 59 азамат қатысып, нәтижесінде 23 азамат тұрақты жұмысқа жолданып, соның ішінде пробация қызметі есебінде тұратын 2 азамат, 1 борышкер азамат, еңбекке жарамды мүгедектігі бар 2 азамат жолдама алды. Ал 15 азамат жастар практикасына кеңес алып жолданатын болды.
«Бастау бизнес» оқуына 9 азамат, қысқамерзімді курстарға 8 азамат, «Күміс жас» жобасы бойынша 4 қатысушы ниет білдірді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіби маманның қадірін білу керек екенін, еңбекқор адам мемлекетті дамытатынын баса айтты. «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан өзге, Еңбек күніне орай Сауран ауданында аймақ басшысы Ғалымжан Үсенбаев тұрғындарды атаулы мерекемен құттықтап, еңбекте бағы жанған азаматтарға құрмет көрсетті.
— Бұл мереке — адал еңбегімен еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген баршаңызға деген құрметтің көрінісі. Әр салада кәсіби біліктілік пен мамандыққа адалдықтың шынайы үлгісін көрсетіп жүрген сіздердің ерен еңбектеріңіз қандай құрметке болса да лайық. Ғұмырын еліміздің өркендеуіне арнаған еңбек ардагерлеріне, аға буынның тәлімгерлік жолын жалғап ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген азаматтарымызға зор ризашылығымды білдіремін! Баршаңызды осы мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді аудан әкімі.
Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов еңбек ардагерлерін марапаттап, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, мерекелік көңіл күй сыйлады.