Жетісай ауданында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Тур аясында журналистер Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде орналасқан «Мақтаарал-қыш» ЖШС зауытына барды. Өндіріс орны 10 жылдан астам уақыттан бері тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Бүгінде зауыт құрылтайшысы 30 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Күніне 35-40 мың дана қыш өндіріледі. Кәсіпкер Нұрдулла Қалисаевтың айтуынша, бір қыштың бағасы 45-50 теңге.
Мұнан соң журналистер қауымы Ынтымақ ауылдық округіндегі АГТС құрылысымен танысты. Қазіргі таңда аудандағы 112 елді мекеннің 56-сы газбен қамтылған. Бүгінде ауданда екі бірдей АГТС іске қосылуға дайын тұр. Газ тарату станциялары іске қосылса, аудан тұрғындары тұтынып келген 18 мың текше метр газға қосымша 50 мың текше метр қосылмақ.
Сонымен қатар, журналистер Жетісай қаласындағы орталық саябақты жаңарту жұмыстарының құрылысымен танысты. Онда дене шынықтыру кешенінің құрылысы да жүргізіліп жатыр. Өткен жылы жұмысы басталған қос қабатты нысан биылғы жылдың соңына дейін ел игілігіне тапсырылмақ. Жұмыстар аяқталған кезде жалпы ауданы 17,14 гектар арнайы демалыс аймағы іске қосылады. Оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық сауықтыру кешендері, түрлі ойын атракциондары, бассейндер мен субұрқақтары қолданысқа беріледі.
Түркістан өңірінде бірнеше бағыттарда өңіраралық кооперацияны дамытудың жоғары әлеуеті бар. Біріншіден, өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісімен тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі мол.
Сонымен қатар пластмассадан жасалған бұйымдар пластикалық ойыншықтар, пластикалық ыдыстар, автомобиль жасау, электроника, цифрлық технологиялар және т.б. өндірісін дамытуға болады. Екіншіден, агроөнеркәсіп кешені саласында Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша ел көшбасшыларының бірі екені белгілі. Ірі қара және ұсақ мүйізді мал басы (5,9 млн), ет экспортының көлемі (80%), сондай-ақ жеміс-жидек экспорты (26%) бойынша үнемі алдыңғы қатарда. Бүгінгі таңда өңірде дәнді, жеміс-көкөніс, бақша дақылдары мен ет-сүт өнімдерін терең өңдеу басым бағытқа ие.
Түркістан облысының негізгі инвестициялық кешендері – дайын инфрақұрылымы бар индустриалды аймақтар мен қатысушыларына түрлі салық жеңілдіктерін беретін «Түркістан» арнайы экономикалық аймағы. Арнайы экономикалақ аймақ шамамен 4000 га аумақта орналасқан және 6 қосалқы аймақтан тұрады, олар: тарихи-мәдени орталық (862 га), әкімшілік-іскерлік орталық (1580 га), 3 өнеркәсіптік аймақ (365 га – Оранғай, 180 га – Түркістан, 35 га – Кентау) және әуежай (967 га).
Үшіншіден, туризмді дамыту – облыс экономикасының басым бағыттарының бірі. Мәселен, соңғы 3 жылда облыста туризмге құйылған инвестиция көлемі шамамен 600 млн. АҚШ долларын құрап, жыл сайын шет мемлекеттерден туристер ағынының артуы байқалады.