БАҚ өкілдері Мақтаарал ауданына жасаған пресс-тур барысында Бірлік ауылдық округіне қарасты Өркениет ауылында орналасқан 200 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысты.
Мектептің құрылысы 2022 жылдың маусым айында басталған. Биыл жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Нысанның құрылысын мердігер «Нүрі-Л-Жетісай» ЖШС-і жүргізіп жатыр.
Жаңа мектеп ғимаратында оқушылар үшін барлық жағдайлар жасалмақ. Физика, химия, информатика, технология кабинеттері, мультимедиялық және лингафондық кабинеттер соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталады. Сондай-ақ, кітапханасы, спорт залы, асханасы бар. Мектепте оқушыларға түрлі спорт және өнер үйірмелеріне қатысып, өздерін қосымша дамытуға мүмкіндіктер қарастырылады.
Аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен аудан қайта құрылған 5 жыл ішінде 3 ауысымды мектептердің қатарын азайту және ыңғайластырылған мектептерді жою мақсатында 17 мектептің жаңа ғимараты салынып пайдалануға берілген. Биыл да Еркінабад, Азамат, Өркениет және Нұрлыжол елдімекендерінен 200 орындық 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде ауданға жаңадан 5 мектептің құрылысы жоспарланып, 1 500 орындық және 600 орындық 2 мектептің құрылыс жұмыстары басталған.
Сондай-ақ, Жетісай ауданында Түркістан облысының 5 жылдығы аясында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Заман талабына сай салынған жаңа типтік үлгідегі білім ордасының салтанатты ашылуына келген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы мен Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы ауыл тұрғындарын, ұстаздар мен оқушыларды айтулы қуаныштарымен құттықтады.
Жаңа мектепте физика-информатика және мультимедиялық-лингафондық кабинеттер, спорт залы, зертхана кабинеттері мен тігін шеберханасы, асханасы бар. Мектеп оқушыларының сапалы білім алуына барлық жағдайлар жасалған.
Жаңа білім ғимаратының ашылғанына қуанған ауыл тұрғындары өз алғыстарын білдірді. Айта кетейік, бұған дейін 3 шақырымға жуық қашықтықта орналасқан «Жібек жолы» жалпы орта мектебіне қатынап оқыған Баянды елді мекенінің 511 оқушысы енді өз ауылдарындағы 300 орындық білім ұясында 2 ауысымда білім алатын болады.