Түркістан облысында агроөнеркәсіп саласындағы мемлекеттік қолдауларды насихаттау және кеңінен түсіндіру үшін арнайы жұмысшы топ құрылған.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынға аудан әкімі, облыс және аудандық ауыл шаруашылығы салалық мамандары, аудандағы шаруақожалық төрағалары қатысты. Жұмысшы топ мүшелері тарапынан ауданның агроөнеркәсіп иелеріне әр бағдарламаның тиімділігі жөнінде егжей-тегжейлі түсіндіріп, маңызды мағлұматтар берілді. Оның ішінде, егін шаруашылығына берілетін субсидиялар туралы кеңінен сөз болды. Әсіресе, ағын су тапшылығының алдын алу бағытында отырарлық шаруаларға суды үнемдеу технологиясын пайдаланушыларға берілетін мемлекеттік субсидиялар туралы жан-жақты түсіндірілді. Мамандар жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйесі ағын суды үнемдеп қана қоймай, өнімділікті бірнеше есеге арттыратынын айтып өтті.
Бұдан бөлек, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «ЫРЫС» ЖШС, «Түркістан ӘКК» өкілдері мемлекет тарапынан берілетін 2,5 пайыздық несие жйында және өзге де ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жеңілдетілген несиелер бойынша жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ, каналдар мен арықтарды механикалық тазалау мәселелері айтылып, «Қазсушар» ШЖҚ МКК тарапынан атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар талқыланды. Жиынға келген шаруалар көкейдегі сұрақтары мен ұсыныстарын жеткізіп, мамандар тарапынан жауаптар берілді.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы көктемгі егін науқанына кірісіп жатқан шаруаларға қажетті кеңестерімен бөліскен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов бастаған жұмысшы топқа аудан халқының атынан алғысын айтып, жаңа технологияларды өндіріске енгізуге бағытталған мемлекеттік қолдаулар шаруаларға тиімді жұмыс істеуге үлкен мүмкіндік беретінін айтып өтті.
Отырарда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Жыл басынан бері жоба аясында 35 азамат кәсіптік бағытта 400 АЕК көлемінде грант қаражатын алып, өз кәсібін бастаған. Осылайша кір сабын шығару, тары егу, түйе сүтін өндіру секілді жаңа жобалар жүзеге асуда. Тағы бір кәсіп иесі мұражай қорындағы керамикалық жәдігерлердің үлгісімен кәдесыйлар дайындайды. Қыштан құмыра, сазсырнай секілді түрлі бұйымдар жасап, сатуға шығарады.
Жалпы, ауылдарды дамыту бойынша алға қойған жоспарлар көп, соған байланысты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Қазір ауыл-аймақтарды дамыту барлық қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Тұжырымдаманың аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Құжаттағы басты назар «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуда болып отыр. Бұл – жалпы ауылдардың 90%-ға жуығы. Мұндай елді мекендер адамдардың жұмыс істеуі мен тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады. Басты мақсат – әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту арқылы қолайлы ауыл ортасын қалыптастыру. Бұл – жаңа мектептер мен медициналық объектілерді салу, таза сумен және электрмен жабдықтау, кең жолақты интернетке және спутниктік байланысқа қолжетімділікті қамтамасыз ету, ауылдың ішіндегі жолдардың сапасын арттыру, мәдени нысандар – кітапханалар, клубтар, мұражайлар мен кинотеатрлар, спорт ғимараттарын салу, халыққа қызмет көрсету орталықтарын ашу. Ал ондағы тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін инженерлік коммуникацияларды жаңа жер учаскелеріне жеткізу жұмыстары жалғастырылады. Бұл ретте елді мекендерде өз қызметкерлеріне тұрғын үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жеңілдету мақсатында пайдалануға берілген ауданы 100 шаршы метрден аспайтын үй құнының 50% мөлшерінде субсидия беріледі.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агротехникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар қызмет бағыттарын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орындары пайда болады, осылайша ауылдан жас кадрлардың кетуі азаяды.
Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бірқатар шараны қамтиды, соның ішінде ауыл тұрғындарын жергілікті өзін-өзі басқаруға тарту, әртүрлі мемлекеттік қолдау көрсету, туризмді дамыту, экспортты ынталандыру, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Аталған тұжырымдамадан күтетін нәтиже – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен ауыл халқының үлесі 5,8%-ға, ал ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейі 4,2%-ға дейін төмендейді. Сонымен қатар елді мекендерді таза сумен қамтамасыз ету – 100%, интернетпен қамту – 97%, нормативтік жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 95% болмақ.
Ел ішінде «Көмектескің келсе, балық берме, қармақ бер» деген жақсы сөз бар. Ауыл тұрғындарының тұрмысын көтеру, ауылды жандандыруға берілген тиімді қармақ, бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бағдарламаның ең басты мақсаты – қарапайым ауыл тұрғындарын кәсіпке баулу арқылы тұрмыс-тіршілігін жақсарту, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігіп, бір-біріне қолдау көрсетіп, ауылдық жерде шикізат өңдейтін өндірісті дамыту. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарына 5 жылдан 7 жылға дейін өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Алу шарттары да жеңілдетілген, яғни кепілге қойылатын жылжымайтын мүлік, меншіктегі жер немесе арнайы техниканы бағалап, соған сәйкес шағын несие алуға болады.
Отырар ауданына қарасты Ақтөбе елді мекеніндегі жеке кәсіпкер Нұрғали Мұрат жетекшілік ететін «Оңтүстік Алтайыр» ЖШС жүгері кептіру және құрама жем шығаруды қолға алмақ. Бүгінгі таңда 320 га, оның ішінде 220 га тың (севооборот) алқапқа түрен салып, жүгерінің жаңа «Lexus FAO-700», «Sygenta Gladuis» сортын еккен. Жаңа сорттың өнімділігі де өзге жүгері сортына қарағанда мол болып, әр гектарына өнімділік 150 центнерге жетіп отыр. Жүйек аралығына 70 см қашықтықты сақтай отырып, ғылымға негізделген егілген жүгерінің жаңа сортынан 2500 тонна өнім алуды жоспарлап отырған кәсіпкер Нұрғали Бекбосынұлы жиналған өнімді жауын-шашынға қалдырмау үшін мобильді кептіру кешенін алып жатқанын тілге тиек етті. Түркияның 5 қаласында болып, шаруалармен тәжірибе алмасқан кәсіпкер су тапшылығының алдын-алу алып, жаңа технологиялармен жүгері егудің әдістерін үйренгенін, келер жылы жүзеге асыратынын жеткізді. Сондай-ақ, отырарлық дихандарға да пайдасы тисін деген ниетпен түрік ғалымдарын тәжірибесімен бөлісу үшін Отырар ауданына шақырып отыр.
Мұнан бөлек кәсіпкердің қолға алған бастамаларының бірі – құрама жем шығару кешені. Мал бордақылауға таптырмайтын жемнің құнарлылығы да ерекше болмақ. Себебі, жемнің құрамына қараот, жусан, жүгері, бидай болады. Шикізат көздерінен тапшылық болмайтынын және өндірілген өнімді елімізге және Орта Азия елдеріне экспортқа шығару мүмкіндігі жоғары екенін айтып өтті. Осылайша, жаңа өніммен Отырарда шығарылған жаңа бренд қалыптасып, үлкен нарыққа жол тартпақ.
Ауданда жүгері кластерін дамыту аясында ауқымды жобалар қолға алынған. Соның нәтижесінде аймақтағы жүгері дақылы 10 мың гектардан асқан. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды таяуда Отырар ауданына жасаған сапары барысында 50 га жерге жүгері егіп, өнімділігін арттырған жергілікті кәсіпкермен кездескенін де айта кеткен жөн. Шаруажүгерінің «Маями» сортын егіп, әр гектардан 13 тоннаға дейін өнім алады екен. Облыс басшысы жүгері дақылын өсіруді дамытып, сапасын да арттыруға баса мән беруді айтқан еді.
Отырарда 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы да сәтті жүзеге асып келеді. Былтыр жыл басынан бері жоба аясында 35 азамат кәсіптік бағытта 400 АЕК көлемінде грант қаражатын алып, өз кәсібін бастағанын айта кетейік.