ТҮРКІСТАН: СОЗАҚ АУДАНЫ ӨНЕРКӘСІП ӨНІМ КӨЛЕМІ БОЙЫНША ОБЛЫСТА КӨШ БАСТАП ТҰР

Созақ ауданында биыл жыл басынан бері 179 млрд 568 млн 400 мың теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндірілген. Жалпы өңірдегі негізгі көрсеткіштер жыл сайын жоғарылап, өсім байқалады. Былтыр жыл қорытындысы бойынша аудан — өнеркәсіп өнім көлемі мен жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының көрсеткіштері бойынша облыста көш бастаған. Бұл жайында Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков мәлімдеді.
Сонымен қатар, ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында біршама жұмыстар атқарылуда. Жалпы бағдарламаға былтыр 277 жоба тапсырылып, 210 жоба 1 млрд 169 млн 410 мың теңгеге несие алған. Сондай-ақ, аудан әкімі өңірдегі инфрақұрылым саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті.
«Қазіргі таңда Созақ ауданына қарасты 33 елді мекеннің 29-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Оның 21-і 24 сағат бойы тоқтаусыз ауыз суға қосылса, 5 елді мекенге кесте бойынша беріледі. Сондай-ақ, табиғи газға қосылу бойынша да біршама тындырымды істер қолға алынған. 2024 жылы АГТС қондырғылары орнатылып, іске қосылған жағдайда Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елді мекенінің тұрғындары табиғи газбен қамтылады. Ал «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 2022 жылы ұлттық қордан Созақ ауылындағы спорт алаңы құрылысы жобасына қаржы бөлініп, 2023 жылы пайдалануға берілген. Сондай-ақ, аудан орталығы Шолаққорғаннан Түркістан қаласына қарай бағыттағы жол бойында республикалық бюджет есебінен заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы басталып, 2024 жылдың соңына дейін ел игілігіне беріледі деп күтілуде», — деді аудан басшысы.Созақ ауданында ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы арқылы балық шаруашылығын жолға қойған азаматтардың саны артып келеді. Осы ретте аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа жобаны қолға алған кәсіпкерлердің шаруашылығымен танысып, кәсіп иелерімен пікір алмасты.
Бүгінде Шолаққорған ауылының тұрғыны Ержан Асқаров «Ауыл аманаты» бағдарлама аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алды. Өткен жылдың қараша айында 850 келі толстолоб балығын салып, қазіргі уақытта өнімін сатуға дайындауда. Шабақ күйінде жіберілген балықтар 2-3 келіге дейін ет жинаған.
Сонымен қатар шаруашылықты жолға қойған кәсіпкердің қатарында Амангелді Әділжан да бар. 8,3 млн теңге жеңілдетілген несие алып, 10 000 дана сазан шабағын қолдан қазылған тоғанға жіберді. Тоғанның аумағы 15 сотық, тереңдігі 2 метрге дейін барады. Бұлақ суын ұтымды пайдаланған кәсіпкер келешекте қосымша 3 тоған қазып, шаруашылығын арттыруды жоспарлауда.
Айта кетейік, ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өткен жылы балық шаруашылығын дамыту мақсатында 7 азамат 56,6 млн. теңге несиеге қол жеткізіп, кәсібін ашуда. Қазіргі таңда балық шаруашылығын дамытушы кәсіп иелері 25 000 форель, 30 000 сазан, 4 000 толстолоб, барлығы 59 000 балық өсіруде.
Бұған қоса, 3 азамат ауыл шаруашылығы жайылым жерлерінің мақсатын балық шаруашылығына өзгерту жөнінде өтініш қалдырған. Бұл азаматтар алдағы уақытта өз қаражаты есебінен кәсібін ашуды жоспарлауда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *