ТҮРКІСТАН: ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДА 362,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ӨНІМІ ӨНДІРІЛДІ

Түркістан облысында жыл басынан бері өнеркәсіп саласында 362,5 млрд. теңгеге өнім өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 106,2% өсім көрсетті. Оның ішінде: өңдеу өнеркәсібінде 164 млрд. теңге, тау-кен өндіру және карьерлерді қазу бойынша 163 млрд. теңге, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтауда 33 млрд. теңге, сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызметі 3 млрд теңгені құрады.
Биыл өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы құны 18,5 млрд. теңгеге 12 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде өңір тұрғындары үшін жаңадан 435 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Атап айтқанда:
Жеңіл өнеркәсіп – 2 жоба, 2,5 млрд.тг;
Құрылыс саласы – 3 жоба, 3,5 млрд.тг;
Тамақ өнімдері – 2 жоба, 2,7 млрд.тг;
Жиһаз өнеркәсібі – 3 жоба, 4,6 млрд.тг;
Пластмасса өнімдері – 1 жоба, 2,1 млрд.тг;
Қағаз өнімдері – 1 жоба, 2,5 млрд.тг.
Жалпы Түркістан облысында былтыр 30,2 млрд. теңгеге
20 инвестициялық жоба іске қосылып, 594 жаңа жұмыс орны ашылған. Олардың басым көпшілігі құрылыс саласы мен тамақ өнеркәсібіне қатысты. Аталған жобалардың барлығы демографиялық өсімі жоғары облыс халқын жұмыспен қамтып, тұрмыс сапасының артуына септігін тигізуде.
Ал Мақтаарал ауданында жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін фабрика іске қосылды. «Мырзашөл-құс» ЖШС-ң құс фабрикасы — ауылшаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында құрылған. Сондай-ақ, өндіріс орны — азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңір тұрғындарын құс етімен, жұмыртқамен қамтуға бағытталған.
Жобаның І кезеңі бойынша 10 мың бас етті «Бройлер» тауығының балапандары өсірілуде.
«Фабриканы барлық стандарттарға сай жасақтап жатырмыз. Құстарға жем, су беру толық автоматтандырылған. Мақсатымыз — халыққа сапалы, жоғары сұрыпты құс өнімдерін ұсыну. Бүгін жобаның І-кезеңін іске қосып отырмыз. Фабрикамыздағы құстар гармондық қоспаларсыз, өсу стимуляторлары қолданылмай, генетикалық түрлендіргіш заттарсыз өсіріледі. Алдағы уақытта фабрикамызды үлкейтіп, бірнеше кезең бойынша өнім санын да арттырмақшымыз. Қазіргі таңда 5 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Жалпы жобаның IV кезеңінде жұмысшылар саны 15-ке жететін болады» — деді, фабриканың басшысы Қасымхан Муталиев.
Айта кетейік, кәсіпорынның І, ІІ кезеңдері бойынша жылына 20 миллион жұмыртқа, 5 мың тонна құс етін өндіру және ІІІ, IV кезеңдері бойынша тәулігіне 48 тонна өнімді құрайтын жем цехын іске қосу көзделген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *