Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссия отырысында заңсыз иеленген активін ерікті түрде қайтару жөніндегі келісім мақұлданды.
Қайтарылатын қаржының жалпы сомасы — 40 млрд теңге. Оның ішінде 38 млрд теңгеден астамы — ақшалай қаражат, қалған бөлігін Астанадағы құны 2 млрд теңге тұратын бизнес-орталық құрайды.
Мемлекеттік бюджетке қайтарылған қаражат әлеуметтік мақсаттарға, оның ішінде су тасқыны салдарын жоюға бағытталатыны айта кету керек.
«Барлық қайтарылған қаражат Қазақстан халқының игілігіне жұмсалады», деді Олжас Бектенов.
Комиссия отырысында бұған қоса 7 млрд теңге сомасына инвестициялық келісімдерге қол қою мақұлданды. Келісім аясында «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» ҚР Заңы қолданылатын тұлғалар Астана және Шымкент қалаларында екі инфрақұрылым нысанын салады. Аталған жобаларды іске асыру жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді және қосымша салық түсімдерін қамтамасыз етеді.
Осы кезде, отандық өндірісті ынталандыру үшін Премьер-министр жыл соңына дейін ірі кәсіпорындардың шағын және орта бизнес субъектілерімен жасалатын оффтейк-келісімшарттарының санын кем дегенде екі есеге арттыруды тапсырды. Егер бұрын бұл жұмыс ерікті түрде жүргізілсе, қазір заңнамада ірі кәсіпорындардың айналасында ШОБ белдеуін құру және олармен ұзақмерзімді келісімшарттар жасасу міндеті бекітілген.
Бүгінгі таңда ірі тапсырыс берушілер мен отандық өндірушілер арасында моноқалаларда 24,5 млрд теңге сомасына 20 ұзақмерзімді шарт және 47,3 млрд теңгеге 13 оффтейк-келісімшарт жасалды.
Қолданыстағы тетік аясында моноқалалардың бірқатар кәсіпорны жеткізушілермен тиімді бағамен шикізаттың қажетті көлемін жеткізу жөнінде келісімдер жасасты. Үкімет басшысы бұл шаралар жеткіліксіз екенін атап өтті.
«Ірі компаниялардың айналасында шағын және орта бизнес субъектілерінің белдеуін дамыту қажет. Бұл ірі компаниялардың міндеті болуы керек. Үкімет тарапынан оларға көмек көрсетілуде. Өз кезегінде олар қарсы міндеттемелер қабылдауы керек», деді Үкімет отырысында Олжас Бектенов.
Бүгінгі таңда 14 моноқалада 1,5 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олар 70%-дан 100%-ға дейін жүктелген. 2023 жылы кәсіпорындардың өндіріс көлемі 18,5 трлн теңгені немесе жалпы республикалық көрсеткіштің 40%-ын құрады.