Сауран ауданы, Иассы ауылдық округінде орындық шығаратын «Хайдаров Валид» цехының ашылу рәсімі өтті. Шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров, Иассы ауылдық округінің әкімі Сыздық Пірметов, ауыл ақсақалдары қатысты.
Аталмыш цехтың басшысы Валид Хайдаров өз қаражаты есебінен кәсібін дөңгелетіп отыр. Жоба құны 300 млн. теңгені құрайтын цехтың аумағы 0,85 гектар. Бүгінде өндіріс орнында 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Айына 400-ге жуық үстел шығартын цехтың өнімдері еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіліп, сұраныс артуда. Алдағы уақытта цех өндірісінің көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.
Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Оларға мемлекет тарапынан қолдаулар көрсетілуде. Түрлі бағдарламалар қабылданып, қоғам үшін еңбектенемін дегенге азаматтарға мол мүмкіндіктер берілуде. Осындай мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларға қатысып, шағын бизнесін шарықтатып отырған аудан кәсіпкерлерінің саны күн санап көбеюде. Жұмыссыздар саны азайып, жұмыс көздері ашылуда. Осы тұрғыда аудан әкімі өз кәсібін жасаймын деген әрбір жеке кәсіпкерлерге ұдайы қолдау көрсететіндігін айтты.
Ал Сайрам ауданында полиэтилен және поливинилхлорид құбырларын шығаратын зауыттың жұмысы қызу жүріп жатыр. Кейінгі кездері кәсіпорын өнімдеріне сұраныс та артып келеді. Өйткені, су, газ жүйелері мен дренаждық ұңғымаларды ауыстыру ісі өңірде кең өріс алған. Әрі ауыл-аймақты газдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.
Мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асқан «Оңтүстік Қазақстан полиэтилен құбырлары» зауыты алғашында резеңке мен пластик бұйымдарды өндіріп бастаса, кейіннен су құбырын шығаруды жолға қойған. Бүгінде 35 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған аталмыш зауыт полиэтилен және поливинилхлорид құбырларының түр-түрін шығаруға қауқарлы.
Дайын өнім негізінен газ бен суды тасымалдауға және құрылысқа қолданылады. Мұнда жылына қалыңдығы 630 миллиметрге дейінгі ірілі-ұсақты 10 мың тонна полиэтилен құбырлары өндіріліп, еліміздің бірнеше аймағына тасымалданады. Айта кетейік, диаметрі 400 миллиметрді құрайтын поливинилхлорид құбырлары еліміз бойынша осы жалғыз зауытта өндіріледі.
Зауытта жұмыстың басым бөлігі жалпы автоматтандырылған. Өндіріске қажетті техникалардың барлығы яғни, немістің «Крас Маффай» фирмасының қондырғылары Германиядан жеткізіледі.
Тағы бір айта кетерлік жәйт, мұнай қалдығынан жасалатын полиэтилен грануласы елімізде Павлодар қаласында ғана шығарылады. Бірақ бұл тапсырыс беруші көптеген кәсіпорындардың технологиясына сәйкес келмейді екен. Сондықтан өндіріске керекті шикізат қазір тек көршілес Өзбекстаннан әкелінеді.
«Оңтүстік Қазақстан полиэтилен құбырлары» зауыты кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы негізінде мемлекеттік қолдауға ие болған. Қазір аталған кәсіпорынның жылдық тауар айналымы 4 млрд. теңгені құрайды.