Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ-ға мүше елдер парламенттері палаталарының спикерлерімен кездесу барысында айтты. Қазақстан ҰҚШҰ-ға төрағалығы аясында қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейтін халықаралық ұйымдармен және құрылымдармен ықпалдастықты нығайтуға ниетті.
«БҰҰ, ТМД және ШЫҰ-ның салалық құрылымдарымен ынтымақтастықты кеңейту аса маңызды деп санаймыз. Биыл қаңтар айында ҰҚШҰ Хатшылығы мен ТМД Терроризмге қарсы күрес орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Біз мұны құптаймыз», деді Президент.
Мемлекет басшысы спикерлерге Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар қоғамның барлық саласын, соның ішінде саясат, экономика және идеология бағыттарын жүйелі түрде жаңғыртуды көздейтінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономика саласына тоқтала келіп, еліміздің ІЖӨ көлемі 265 миллиард долларға жеткенін мәлімдеді.
«2023 жылы шетелден 23 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тартылды. Еліміздің халықаралық резервтері 100 миллиард долларға жуықтады. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша биыл Қазақстанның жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі 13 пайызға өсіп, шамамен 15 миллиард долларды құрауға тиіс. Жақында мен кәсіпкерлік еркіндік пен бәсекелестіктің дамуын қамтамасыз ету, мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту және бизнес шығындарын азайту арқылы экономиканы ырықтандыруға негіз қалайтын Жарлыққа қол қойдым. Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқықбұзушылықтарды декриминализациялау арқасында бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісі айтарлықтай күшейді», деді Президент. ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстанда ең төменгі жалақыны кезең-кезеңмен көтеруді қолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сүлейменов заң бойынша ЕТЖ мөлшерін 85 мыңнан аз төлеуге болмайтынын тілге тиек етті.
«ЕТЖ — жай ғана төленетін жалақы емес, бұл белгілі бір экономикалық көрсеткіш. Заң бойынша, зияткерлік, тіпті физикалық еңбегі үшін де 85 мың теңгеден аз төлеуге болмайды. Әділдікке келетін болсақ, 85 мың теңге жеткілікті ме, жоқ па? Әрине, жетіспейді. Қазақстанда ЕТЖ өсіп келеді, мәселен, алты жыл бұрын ол 28 500 теңгені құрады, содан кейін ол біртіндеп 42 мың, 60, 70, 85 мыңға дейін өсті», деді Т.Сүлейменов.
Оның айтуынша, елдегі ең төменгі жалақы инфляциядан әлдеқайда жылдам өсті.
«Ең төменгі жалақы мөлшері өсіп жатыр, ол өсе беруі керек. Болашақта бұл көрсеткішті арттыруымыз керек деп есептеймін. Бірақ бұл жерде еңбек өнімділігінің жалақы өскен сайын өсуін қамтамасыз ету қажет, әйтпесе бәсекеге қабілеттілік жоғалады. Бұл біздің нарығымыз бен өнімдеріміздің бәсекеге қабілетсіз екенін білдіреді. Сондықтан бұл макроэкономикалық және микроэкономикалық тұрғыдан да қарастыруды қажет ететін мәселе. Десе де мен экономист ретінде ең төменгі жалақыны кезең-кезеңмен көтеруді құптаймын», деп қосты ҚҰБ басшысы.