ШЫМКЕНТТІК ЖАС САРБАЗДАР МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА МҰРАЖАЙДЫ АРАЛАДЫ

«ҚР Тәуелсіздік күні» мерекесіне орай, Шымкент қаласындағы облыстық тарихи – өлкетану мұражайында «Тәуелсіздік – елдігімнің бастауы» деген атпен мәдени-патриоттық іс шара өтті. Шараға Тәуелсіздік оқиғасының куәгерлері, ҚР Қарулы Күштерінің ардегерлері, жоғарғы оқу орындарының студенттері, әскери техникалық мектептің курсанттары мен «Жас сарбаз» сыныптарының 200-ге жуық тәрбиеленушілері қатысты.
Мұражайдың акт залында өткен салтанатты шарада 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының куәгері О.Қоңыратбаев сөз алып, желтоқсан оқиғасы жайында құнды естеліктер айтып, тарихта жазылмаған деректерді келтірді. Өскелең ұрпаққа ұлтының болашағы үшін құрбан болған қазақ жастарының қайсарлығы мен ерлігін үлгі ете отырып, оларды Отанды,елді сүйетін нағыз патриот болуға шақырды. Ал ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері нағыз патриот екеніңді дәлелдеу үшін әрбір азамат әскерге баруы қажет екендігін айтып, жастарды сарбаз атанып, елді, Отанды қорғауға үндеді. Сағадат Нұрмағанбетов сынды генералдардың өмірі мен ерлігінен мысалдар келтіріп, жастардың бойындағы жауынгерлік рухтарын оятты. Желтоқсан оқиғасының тарихы мен маңыздылығы бейнеленген деректі фильм жиналғандардың білімін тереңдетіп қана қоймай, қазақ халқының ұлы екендігін тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Кеш барысында желтоқсан оқиғасы жайында сахналық көріністер көрсетіліп, партиоттық әндер шырқалды.
Мерекелік шараның екінші бөлімінде жиналғандар мұражайға экскурция жасап , тарихи жәдігерлермен танысты. Бір ғасырға жуық тарихы бар облыстық тарихи-өлкетану мұражайы «Табиғат, палеонтология, археология», «Этнография», «Қазақ хандығы және жаңа заман», «Тәуелсіз Қазақстан» атты 4 экспозициялық залдан тұрады. Мұнда барлығы 93 мыңға жуық тарихи жәдігерлер мен экспонаттар жинақталған. Шараға келген қонақтар, тарихи жәдігерлерді көзбен көріп, еліміздің арғы-бергі тарихына саяхаттап қайтты. Іс- шара әсіресе, «Жас сарбаз» сыныптарының тәрбиеленушілеріне оң ықпалын тигізді. Өйткені олар, мұражайға келіп, тарихтан сыр шертетін экспонаттарды көріп, мектеп қабырғасында алған білімдерін нығайта түсті. Бұл шара жастар арасында әскери патриоттық тәрбиені жандандыруға септігін тигізді, — дейді қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшылығы. Мұндай шаралар келешекте де өз жалғасын табатын болады.
Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *