Елімізде сауда рәсімдері оңтайланады. 29 мамырда Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысында кедендік реттеу, салық және дәрілік препараттар саласындағы бірқатар рәсім бойынша шешімдер қабылданды. Ал Қазақстандық делегацияны Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин басқарып барды.
Айта кететін жайт, 2029 жылға фильтрлі темекіге акциздердің бірыңғай индикативтік мөлшерлемесінің мөлшері акциздердің нақты ставкаларынан 20%-дан аспайтын (36 еуродан 54 еуроға дейін, шамамен 17 мың теңгеден 25 мыңнан астам теңгеге дейін) ауытқу диапазонымен 1 мың данасы үшін 45 еуро (21 мың теңгеден астам) мөлшерінде бекітілді. Ал осыған дейін 2019 жылы қабылданған 2024 жылға арналған темекіге акциздердің индикативтік мөлшерлемесі 35 еуроны (16 мың теңгеден астам) құраған болатын.
Бұл индикатив темекіге акциз мөлшерлемесін жоспарлайтын Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің мемлекеттік органдары мен темекі өнімдерін өндірушілер үшін бағдар болып есептеледі. Сондай-ақ ЕЭК кеңесінің шешімімен Медициналық қолдануға арналған дәрілік заттарды тіркеу және сараптау ережесіне өзгерістер енгізілді. Ол сараптамалық жұмыстарды жүргізу және дәрілік препараттардың құжаттамасын тіркеу бағалау кезінде әкімшілік рәсімдерді оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Бұдан өзге, ресми халықаралық спорттық іс-шараларды өткізуге арналған спорттық заттар мен жабдықтарды ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өткізу ерекшеліктері айқындалды. Бұл тауарларға оларды әкелу және әкету кезiнде жеңiлдiктi шарттармен арнайы кедендiк рәсiм қолданылатын болады. Бұл ұйымдастырушылар мен спорттық іс-шараларға қатысушылар үшін әкімшілік кедергілер мен шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді.