Басты міндет – тұрақты экономикалық даму

Премьер-министр Олжас Бектенов Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел экономикасындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасының орындалуын тексерді.

Үкімет басшысы өңірдің жүйе құраушы кәсіпорындарының, атап айтқанда химия, жеңіл өнеркәсіп, тау-кен саласы ком­панияларының қызметімен танысты. Сондай-ақ аумағында жаңа ірі өндірістердің құрылысы жүргізіліп жатқан Jibek Joly арнайы экономикалық аймағына барды.

Қазіргі сәтте Жамбыл облы­сының өнеркәсібінде 44 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған, өңірде 859 кәсіпорын жұмыс істеп тұр, деп әкімнің орынбасары Әбілхайыр Тамабек Үкімет басшысына баяндады. Бұл ретте облыста химия саласын дамыту бойынша ауқымды шаралар қабылдануда. Jibek Joly арнайы экономика­лық аймағының құрылуы бүгінгі таң­да өңірдің бар әлеуетін тиімді­рек іске асыруға мүмкіндік береді. Дәл қазіргі уақытта АЭА жүкте­месі 86,7%-ға тең, 16 қатысушы компания тіркелген, оның 4-і жұ­мыс істеп тұрған кәсіпорын, 3-і құрылыс және орналастыру сатысында, қалғаны мемлекеттік сараптамадан өтуде немесе жобалау жүргізіліп жатыр. Мәселен, арнайы экономикалық аймақ аумағында Қытайдың «TAS Market» және өзбектің «Universal Trade LLP» компаниялары өнді­ріс­­терін локализациялауды жос­пар­­лап отыр. ҚХР жобасы бастап­­қы кезеңде құны 12,9 млрд теңге бо­латын шойын, болат және фер­ро­қорытпа өндіретін зауыт салу­ды, Өзбекстан тарапы – жал­пы инвестиция көлемі 120 млн дол­лар болатын қара метал­ды бал­қыту және жұқа табақты мы­рышталған болат өндіре­тін кәсіпорын салуды көздейді. Алайда бұл жобалар АЭА қыз­метінің басым түрлеріне жатпайды және тиісті жеңілдіктерді пайдалана алмайды. Премьер-министр Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне, сондай-ақ Ұлттық экономика министр­лігіне басым қызмет түрлерінің тізбесін кеңейту мәселесін жедел пысықтауды тапсырды.

Бүгінде Жамбыл облысының локомотиві – химия саласы, оның үлесі 37%-ды құрайды. Өңірдегі қала құраушы кәсіпорындардың бірі – «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыты, онда 1,8 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жылдық қуаты 1 млн тонна тыңайтқышқа жетеді. Қазіргі уақытта табиғи газды пайдалануды шектеу себебінен өндіріс көлемінің төмендеуі байқалады. Кәсіпорынның толық қуатында тиімді жұмыс істеуі үшін 81 176 мың м3 қажет. Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы саласын тыңайтқыштармен қамтамасыз ететін кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету басты міндет екенін атап өтті. Үкімет басшысы Жамбыл облысының әкімдігі мен зауыт басшылығына мәселені шешу үшін Тараз қаласының 2-Газ тарату стансасын жаңғырту жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сонымен қатар фосфорлы гипс қалдықтарын орналас­тыру және ластануды болдырмау үшін ауданы 51,3 га жаңа үйінді құрылысын тезірек аяқтау міндеті қойылды.

Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Олжас Бектенов Шу ауданының Шатыркөл-Жайсаң кластеріндегі жаңа байыту фаб­рикасына барды. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары 95%-ға аяқталған. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 1,2 млн тонна кенді құрайды. Іске қосу тамыз айына жоспарланған, бұл ретте кәсіпорын алдағы қазан айында өзінің есептік көрсеткішіне шықпақ. Премьер-министр Олжас Бектенов өңір өнеркәсібіндегі үлесі 10%-ды құрайтын металлургия саласының келешегін атап өтіп, Үкімет осындай жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге да­йын екенін айтты.

«Үкіметтің алдына қойыл­ған мін­деттің бірі – тұрақты эконо­ми­калық дамуды қамтамасыз ету. Биыл сын-тегеуріндерді ес­ке­ре оты­рып, біз барлық сала­ға муль­­тип­ликативті әсер ететін өнер­­­­кәсіп­тік өндірісті күшей­тіл­ген ре­жім­де дамытуымыз қа­жет. Жоба­ларды іске қосу және толық қуат­та жұмыс істеу кезінде біз эко­но­­миканың дербестігін арттыра­мыз және жоғары білікті жұмыс орын­дарын ашамыз. Еліміз­дің бар­лық өңірінде оң өзгеріс­тер бар, олар­ды қолдап, кеңейте беру қа­жет»,  деп атап өтті Олжас Бектенов.

Отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларына, оның ішінде кәсіпорындардың толық жүктемесін қамтамасыз етуге назар аударылуда. Еліміздегі аяқ киім шығаратын негізгі зауыттардың бірі Жамбыл облысында орналасқан. Олжас Бектенов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, отандық өндірушілерді, оның ішінде жеңіл өнеркәсіпті қолдау шараларын күшейтуді тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *