Экономиканы әртараптандыру: Мұнайды не алмастырады?

Мұнай – біз үшін қомақты табыс әкеле­тін экономикалық бонус. Алай­да шикі­затқа тәуелді болу басқа салалардың дамуын тежейтіні белгі­лі. Мемлекет басшысы да бұл жөнінде «Қазба бай­лық­қа ғана арқа сүйеп, қамсыз отыра­тын заман келмеске кетті. Жер қой­науынан шыққан қазынаның қосымша құнын барынша арттыру керек. Оны сапалы және сұранысқа ие тауарға айналдыру өте маңызды» дегені белгілі.

Үш кен орнының үлесі басым

«Қара алтын» ел экономикасында шешу­ші рөл атқарады. Біздің елдің мұнайды экспорттаудан қанша табыс тауып жатқаны, бұл шикізаттың негізгі көлемі қайда жөнелтілетіні туралы мәліметтердің басы ашық. Мұнай қорының шамамен 80 пайызы келесі 10 ірі кен орнының үлесінде:

 

  • Қашаған – 1 014,0 млн тонна;
  • Теңіз – 899,2 млн тонна;
  • Қарашығанақ – 308,8 млн тонна (оның ішінде конденсат – 242,3 млн тонна);
  • Өзен – 123,3 млн тонна;
  • «Royal» – 57,1 млн тонна;
  • Жаңажол – 44,6 млн тонна (оның ішінде конденсат – 8,8 млн тонна);
  • Қаламқас – 41,5 млн тонна;
  • Қаражанбас – 37,9 млн тонна;
  • Солтүстік Бозашы – 35,1 млн тонна;

Қаржы министрлігі мұнай өндіру мен экспорттаудан түсетін кіріс мұнай секторындағы ұйымдардан түсетін салық салымы есебінен қалыптасатынын түсіндіреді.

  • Мұнай секторы ұйымдарынан экспортқа рента салығы – 452,0 млрд теңге;
  • Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж – 1 643,1 млрд теңге.

Еліміз соңғы 10 жыл ішінде Ресейдің 91 млн тоннаға жуық мұнайын Қытайға транзит арқылы тасымалдап, 1 млрд 327 млн доллар пайда тапты. Қос мемлекет арасындағы бұл келісімнің мерзімін тағы 10 жылға ұзарту көзделіп отыр. Бұл жолы түсер түпкі табыс көлемі 2 млрд долларға жуықтап қалуы мүмкін.

 

Не өзгерді?

Дүниежүзілік банк (ДБ) Қазақстан экономикасы туралы баяндамасында 2024 жылы елде экономикалық өсудің қалыпты қарқыны байқалады, болжамды нақты ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) 4 пайыздық өсім болады деп болжайды. Өсудің негізгі қозғаушы күші – көмірсутек секторы. ДБ деректерінде өзге салалардың үлесі сараланбапты. Сауд Арабиясының Мұнай министрі болған Ахмед Ямани мұнай дәуірі өтетінін айтып еді. Ғаламдық эко­номикалық үрдістер мұнай таусылмаса да мұнай дәуірінен мән кете бастағанын байқатады. Бағаның төмендеуі – бірінші кезең ғана екенін сарапшылардың біразы айтып жатыр.

Осыған дейін Халықаралық энергетика агенттігі (ХЭА) 2024 жылы әлемдік нарықта мұнайға деген сұраныс айтар­лықтай төмендеуі мүмкін еке­нін мәлімдеген. Алпауыт мемлекеттерде экономикалық белсенділік әлсіре­гендіктен, жаһандық нарықта мұнайға деген сұраныс деңгейі төмендеп кеткен. Кейбір болжамдар мұнай тұтыну көлемі 2024 жылы тәулігіне 150 000 баррельге ғана өсетінін меңзейді. Салыстырар болсақ, 2021 және 2023 жылдар аралығындағы тәуліктік тұтыну көлемі шамамен 290 000 баррель болған. Сонымен қатар ХЭА Үндістандағы сұраныс өсімі екі есе төмендеп, тәулігіне 100 000 баррельді құрайды деген болжам жасайды.

Елімізде кейінгі 30 жыл ішінде 2 миллиард тоннадан аса мұнай өндірілген. 2023 жыл­­ғы қаңтар-желтоқсанда мұнай экспорты 8,4%-ға өсіп, 70,7 млн тоннаны құрады. Экс­­пор­ттан 42,3 млрд доллар табыс түсті, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 9,8%-ға аз.

 

40 жылдан соң мұнай біте ме?

Биыл мұнай өндіру көлемі шамамен 10%-ға қысқарған. Бұған Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы (МАЭК) апат тікелей әсер етті. Электр қуатының шектелуіне байланысты мұнай өндіру көлемі жалпы алғанда 10%-ға, ал тәулігіне 1,5-2 млн тоннаға қысқарды.

«Halyk Finance» сарапшысы Мәдина Қабжәлелованың айтуынша, мұнай нары­­­ғына қатысты қысқамерзімді және ұзақ­мерзімді болжамдарға сүйенсек, секторда жоғары құбылмалылық сақталады.

«Мұндай жағдай экономиканың басқа салаларының дамуын тежеп, монобағытты күшейтеді. Себебі мұнай секторы ұзақ жылдар бойы ел экономикасының негіз­гі драйвері болды. Мемлекеттік бюд­­жет, тіпті ІЖӨ мұнайға қарап бет түзей­ді. Болашақта мұнай маңызды рөл атқар­майтын кезең тууы мүмкін. Бұл біз сияқты мұнай экспорттаушы елдерде экспорт және бюджеттік кіріс бөлігінде шығын­дарға әкелуі ықтимал. Демек билік қазір қалыптасқан ел экономикасының даму үлгісін өзгерту және болашақта халық­тың өмір сүру деңгейін қолдау үшін экономиканы әртараптандыру шараларын күшейтуі қажет», дейді.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары мұнай мен газ экспорты ел экономикасын тез тұрақтандыруға және жақсартуға мүмкіндік берді. Бірақ қазіргі жағдайда осы фактор экономиканың нарық заңымен дамуына кедергі келтіріп отыр. Себебі салық төмен, тауар арзан. Экономикалық зерттеулер институты 30 жыл ішінде ел экономикасының өсуіне негізінен мұнай өндіру және сату есебінен қол жеткізгенімізді ашып айтады. Мұнайға деген тәуелділіктен арылуға талпы­нысымыз таудай болғанымен, нәти­же әзірге жоба күйінде қалып отыр. Ұлттық экономика министрлігінің мәлі­ме­тінше, жалпы құны 4,6 триллион теңгені құрайтын 400-ден астам жоба­ны пайдалануға беру жоспарланып жатыр. «Кем дегенде 10 жоба эконо­миканың басым секторларында қосыл­ған құны жоғары кластерлерді құруға бағыт­тал­ған», дейді институт сарапшылары.

Мемлекет мұнай өндіруден түсетін салықты 8 түсім арқылы алады. Оның 7-еуі – Ұлттық қорға, 1-еуі ғана республикалық бюджетке түседі. Бұл салық түсімдерінің жалпы сомасы 10 жыл ішінде (2013-2023 жылдары) – 36,9 трлн теңге, ал жылдық түсім­дердің орташа жылдық сомасы 3,6 трлн теңгені құрайды.

Энергетика министрлігінің мәліме­тін­ше, қазіргі мұнай қоры 4,4 млрд тонна шамасында. Теңіз және Қашаған кен орын­дарындағы өндірісті кеңейту жобалары жүзеге асырылса, жылдық мұнай өнді­ру 100 миллион тоннаға жетеді. Шикі мұнай өндіру 1990 жылғы 25 миллион тон­на­дан 2021 жылы 85 миллион тоннаға дейін өсті.

«Шикі мұнай өндірудің қазіргі қар­қы­нын ескере отырып (оны жылына 100 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарымен) мұнай сыйлайтын табысты өмір тағы 44 жылға созылуы мүмкін. Жоғарыда ай­тыл­­ғандарды ескере отырып, экономиканы әртараптандыру үшін уақытты тиімді пайдалану қажет», дейді сарапшылар.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *