Инженерлік желілер, газдандыру және жолдар: Үкімет инфрақұрылымдық жобаларға 2,6 трлн теңге бөледі

Мемлекет басшысының Атыраудағы Ұлттық құрылтайда айтқан инфрақұрылым жобаларына 2,6 трлн теңге бағытталатын болады.

Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Primeminister.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында айтты.

«Бұл – халыққа арналған тұрғын үйлер мен жолдар салу, жаңа жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларды іске қосу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және газдандыру. 2,6 трлн теңге инвестиция бөлеміз. Негізінен, бұл бюджеттен тыс қаржыландыру көздері. Қазіргі таңда өңірлерде осы бағыттардың барлығы белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр», — деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.

195 млрд теңге көлеміндегі қаражат есебінен 300 мыңнан астам адам тұратын 87 елді мекенді газдандыру көзделген. Биыл «Отбасы банк» желісі бойынша инвестиция көлемі 450 млрд теңгені құрайтын «Отау» және «Наурыз» жаңа ипотекалық бағдарламалары іске қосылды. Сондай-ақ 12 мың шақырым жолды жөндеу және салу, 6,5 мың коммуналдық желіні жаңғырту және 55 жылу көзін ретке келтіру қажет.

«Шілдеден бастап Қазақстанның Даму банкі коммуналдық қызметтер мен табиғи монополиялар субъектілері үшін теңгемен қаржыландыруды ұсыну жаңа бағдарламасын іске қосады. Бұл осы саладағы күрделі шығындарды қаржыландыруға қатысты. Біз алғашқы 5 жыл ішінде кемінде 300 млрд теңге бөлуді жоспарлап отырмыз», — деді вице-премьер.

Үкімет экономиканың өсіміне салынған инвестиция көлемін 9,6 трлн теңгеге бағалайды

 

Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров экономикадағы өсімді қамтамасыз ету үшін 9,6 трлн теңге инвестициялау жоспарланып отырғанын айтты. Бұл сомаға бюджетте қарастырылған бюджеттік инвестициялар және бюджеттен тыс инвестиция көздері кіреді.

«Негізгі бөлігін 7 трлн теңге көлеміндегі бюджеттен тыс инвестиция көздері алады. Біріншіден, бұл біздің ұлттық холдингтеріміздің қаражаты. «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтеректің» барлық еркін өтімділігі осы өсу бағдарламасына бағытталған. Екінші көзі — ішкі және сыртқы капитал нарығы. Біз қазір ішкі ресурстарды белсенді түрде тартып жатырмыз. Бұл екінші деңгейдегі банктер мен басқа да институционалдық ішкі инвесторлардың қаражаты», — деп атап өтті Нұрлан Байбазаров.

Халықаралық қаржы ұйымдарымен де маңызды жұмыс жүргізіліп жатыр, жобаларға ұзақ жеңілдікті қаржыландыру көздері тартылуда. Сондай-ақ отандық және шетелдік инвесторлардың жеке инвестициялары маңызды рөл атқарады.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *